Асық ойнап, көлік ұтып алды: республикалық турнир қорытындыланды
Бүгін Астанада Республика күніңе орай алғаш рет асық атудан республикалық турнир өтті. Respublica Республика партиясының ұйымдастыруымен өткен бұл шарада 40 ойыншы бақ сынады. Финалға қатысушылар еліміздің 20 аймағынан 2 мыңға жуық ойыншының ішінен іріктеліп келген.
Мақсат – ұлттық спорттың дамуына үлес қосу. Турнирдің бас жүлдесіне автокөлік тігіліп, оны Шымкент қаласынан келген Әнуарбек Нұржігіт тізгіндеді.
Ал күміс жүлдегер Нұрлан Жомарт 1 миллион теңге сыйақымен марапатталып, қола жүлдегер Ғарышбек Құлыбек 500 000 теңге сыйақыға ие болды. Respublica партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров асық ату федерациясының дамуына 5 млн теңге қаржылай көмек беретінін айтты.
Нұржігіт Әнуарбекұлы, турнир жеңімпазы:
- Бүгінгі Республика күнімен құттықтаймын және де осы ұлттық спортты дамытып жүрген барша жанға алғыс айтамыз. Маған жанкүйер болған туыстарыма, ағайындарыма арнаймын ғой енді осы жеңісімді.
Олжас Құспеков, Мәжіліс депутаты, «Көшпенділердің асық спорты» халықаралық федерациясының президенті:
- Асық спорты негізі өзіміздің түсінігімізде ауылда балалар көшеде ойнайтын спорт ретінде қалып кеткен. Бірақ оның 2000 жылдан астам тарихы бар. Бұрын түркілер кезінен ойнаған. Бүкіл дүниежүзіне тараған. Қазір 14 елде ойнайды. Бұл сақталып қалған. Сондықтан бұл спортты қазір Қазақстанда, біріншіден, бұқаралық ету, екіншіден, біздің жасөспірімдер мен мектеп жасындағы балалар ойнамай кетті. Соны дәріптеу, үйрету, дәрежесін дамыту – мақсатымыз. Мектеп жасындағы балаларға арналып жасап жатыр.