Шымкентте шахматтан әлемдік гран-придің екінші кезеңі басталды

Шымкентте әйелдер арасында шахматтан әлемдік гран-при турнирінің екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды 24kz.

Байрақты бәсекеде Қазақстан, Қытай, Үндістан, Германия, Грекия, Болгария және Моңғолиядан 10 гроссмейстер өнер көрсетіп жатыр. Біздің ел намысын Бибісара Асаубаева қорғайды. Турнирдің жүлде қоры – 80 мың доллар. Жалпы есепте ең көп ұпай жинаған екі қатысушы 2026 жылы өтетін әлемдік «Шахмат тәжі» жарысының жолдамасына ие болады.

Гүлмира Дәулетова, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:

- Жалпы мұндай гран-при сериялары Тбилисиде өтті. Қазір Шымкентте одан кейін Монакода, сосын Кипрде және Австрияда өтеді. Сонымен қатар тағы Үндістанда. 6 ойын сериясынан кейін финал болады. Бәрі өте мықты, рейтинг фавориттер осы Шымкентке келіп ойын көрсетуде.

Бибісара Асаубаева, шахматтан әлемнің екі дүркін чемпионы:

- Жақсы ойын көрсету үшін бар күш-жігерімді саламын. Бізде шахмат жақсы дамыған. Бұған былтыр Астанада әлем чемпионатының өтуі дәлелі. Блицтен әлем чемпионы атағы үшін бәсеке және Азия чемпионаты ұйымдастырылды.