Жәмила Бақбергенова әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Жәмила Бақбергенова әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Албания астанасы Тиранада өтіп жатқан біріншіліктің финалында жерлесіміз жеңіліп қалды. Осыған дейін әлем чемпионатында екі күміс, бір қола медаль алған Жәмила 72 келіге дейінгі салмақта соңғы бәсекеде Ами Ишимен белдесті. Жапониялық балуан да Азияда үздік шығып қана қоймай, екі жыл бұрын әлем чемпионатында күміс алып үлгерген. Белдесудің бірінші кезеңінде Ами Иши 2:0 есебімен алда тұрды. Екінші кезеңде Жәмила 4:2 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылықты ұстап тұра алмады. Қорытынды есеп – 6:8. Осылайша бұл әлем біріншілігінде үш бірдей жапониялық балуан чемпион атанды. Жәмила Бақбергеноваға тағы бір күміс медаль бұйырды.
Нұрқожа Қайпанов әлем біріншілігінің финалына шықты. Еркін күрестен 70 келіде сынға түскен жерлесіміз іріктеу кезеңдерінде Израиль және Молдова балуандарын уақытынан бұрын жеңді. Артынша ширек финалда грузин спортшысын қапы қалдырды. Жартылай финалда Тәжікстан балуанының жауырынын жерге тигізді. Енді Қайпанов финалда жапон спортшысымен жолығады. Ал ел құрамасынан Дәулет Ергеш әлем чемпионатынның қола медалі үшін белдеседі. Ол ширек финалда есе жіберген грузиялық финалға өтті. Сондықтан Дәулет Жұбаныш белдесуінде бақ сынауға мүмкіндік алды.
«Астана» көш басына шықты
Астана көш басына шықты. Елорда клубы Қазақстан Премьер-лигасының кейінге қалдырылған 17-турында «Атырауды» жеңді. Ойын барысында алғашқы голды қонақтар соғып кетті. Оны 25-минутта Игорь Стасевич өзінің еншісіне жазды. Бірінші кезеңде «Астананың» есепті теңестіруге мүмкіндігі болған жоқ. Ал екінші таймда елордалықтар белсенділік танытты. Нәтижесінде олардың қатарынан Бранимир Калаициа 67-ші минутта мергендік танытса, Назми Грипши 85-минутта пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Ал 97-минутта атыраулық командадан Олжас Керімжанов таразы басын теңестірсе, 102-ші минутта Бранимир Калаициа 11 метрлік айып соққысын сәтті орындап, «Астананы» алға шығарды. Осылайша елордалық клуб қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді. Еншісінде 43 ұпай бар. «Қайрат» 41 ұпаймен екінші орында келеді. Бас жүлде тағдырын алдағы ойындар шешеді. Енді «Астана» өз алаңында 10 қарашада «Жетісуды» қабылдаса, 3-ші қарашада сырт алаңда «Тобылмен» ойнайды. Ал «Қайрат» 2 қарашада өз алаңында «Ордабасымен» шеберлік байқасса, 10-шы қарашада сырт алаңда «Атыраумен» кездеседі.
«Барыс» шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Андрей Шутовпен келісім-шартқа қол қойды. Келісім 2027 жылдың 31 мамырына дейін жасалды. Өскеменнің тумасы Шутов «Барыс» жүйесінде төрт жылдан астам уақыт өткізді. Тек биыл ол «Слован»командасына ауысқан болатын. Словакияның 9 дүркін чемпионы Слован клубында жерлесіміз 15 ойын өткізіп қайтты. Сондай-ақ ол Чехияда өткен әлем чемпионатында 6 матчта мұз айдынға шыққан. "Барыс" құрлықтық хоккей лигасындағы соңғы ойынында «Куньлунь Ред Старға» есе жіберді.