Қазақстан World Boxing ұйымына қосылды
Отандық бокс жаңа ұйымға қадам басты. Енді қазақстандық боксшылар World Boxing деп аталатын ұйымда өнер көрсетеді.
Қазақстан World Boxing ұйымына қосылды
Яғни, Қазақстан бокс федерациясы жаңадан құрылған халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесі атанды. Бұл жөнінде АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында өткен конгресте белгілі болды. Біздің тарап World Boxing-ке кірген елдер арасында 52-ші болып тіркелді. Қазір бұл ұйымда бас-аяғы 55 мемлекет бар. Яғни, Қазақстанмен қатар бір күнде көрші Өзбекстан және Лаос пен Гватемала елдері де осы ұйымға ресми аяқ басты.
Айта кетейік, World Boxing халықаралық федерациясы 2023 жылдың сәуір айында құрылған болатын. Оның басты мақсаты – боксты жазғы Олимпиада бағдарламасында қалдыру. Өйткені бұған дейін шаршы алаңдағы бәсекелерді ұйымдастырып келген IBA, яғни Халықаралық бокс федерациясы Халықаралық Олимпиада комитетінің сенімінен шығып кеткен болатын. Сәйкесінше әлем елдері біртіндеп жаңа ұйым қанатының астына ауысып жатыр. Қазақстан бокс федерациясы қыркүйек айында World Boxing қатарына қосылу туралы өтінім тастады. Араға бірер ай салып, осы ұйымның мүшесі атанып отыр.
Саяси тұрғыда дұрыс шешім. Отандық бокста болып жатқан өзгерістерге қатысты елімізге еңбек сіңірген спорт шебері әрі спорт сарапшысы Айдар Махметов осындай пікір білдірді. Оның айтуынша, кез келген мемлекет негізгі басымдықты Олимпиада ойындарына береді. Ал оның ортасындағы әлем және Азия чемпионаттары төртжылдықтың басты бәсекесіне дайындық саналады. «Сондықтан бағытымызды айқындап алдық. Енді нық сеніммен алға қозғаламыз», – дейді Айдар Махметов.
Әлем чемпионатын қабылдауымыз мүмкін
Бокстан 2027 жылғы әлем чемпионаты Қазақстанда өтуі мүмкін. Бұл жөнінде де АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында өткен World Boxing ұйымының конгресінде белгілі болды. Біздің елде Лос-Анджелес Олимпиадасы алдындағы лицензиялық әлемдік аламанды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жаңадан құрылған Халықаралық бокс федерациясының нақты шешімі жақын күндері шығады.
Айта кетейік, қазақстандық боксшылар биыл алғаш рет World Boxing ұйымының жарысына қатысты. Бірер апта бұрын АҚШ-тың Пуэбло қаласында 19 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионаты өткен болатын. Оған 4 бірдей былғары қолғап шебері аттанды. Араларынан Асылхан Көшербай мен Даниял Райымбеков күміс жүлдегер атанды. 65 келіде өнер көрсеткен Асылхан Чехия, АҚШ және Украина боксшыларынан басым түсіп, финалда Аустралия спортшысынан ұтылды. Ал 85 келідегі Даниял жартылай финалда Оңтүстік Корея өкілін жеңді. Ал финалда Уэльс спортшысынан жеңілді.
Чемпиондарды өзіміз дайындаймыз
Ал Астанада футболдан балалар арасындағы турнир өтті. Ерекшелігі сол, бұл бәсеке негізгі құрамаға кіре алмаған өрендерге қосымша мүмкіндік береді. Яғни, ішкі іріктеуде топ жара алмаған командалар енді өзара бас қосып, мықтыны анықтады. «Бұндай жарыстар тасада қалған таланттарды анықтап, оларға жол ашуға бағытталған», – дейді №8 спорт мектебінің басшысы Еркебұлан Жомарт. Сонымен елордадағы турнирге бас-аяғы 8 команда жиналды. Олар алдымен топтық кезеңде кездесулер сериясын өткізді. Артынша плей-офф және финалдық мачтар болды. Нәтижесінде №1 спорт мектебінің командасы топ жарды. Нұсұлтан Дүйсенбаев, Бақдаулет Кәрімов және Мақсат Тұрсымұрат есімді балалар ең үздік ойыншы атанып, арнайы сыйлықтар алды.
Айта кету керек, турнир 9-10 жас тағы балалар арасында болды. «Алдағы уқаытта дәл осындай форматтағы жарыстарды тұрақты өткіземіз», – дейді ұйымдастырушылар.