Қазақстандық фристайл-могул шеберлері халықаралық турнирде топ жарды
4 алтын, 1 күміс және 1 қола. Қазақстандық фристайл-могул шеберлері халықаралық турнирден осындай олжамен оралды.
Қысқы маусымдағы алғашқы жарыстардың бірі Австрияның Хинтертукс тау шаңғысы базасында өтті. Жерлестеріміз арасынан ерлер арасында Павел Колмаков пен Антон Бондарев жақсы нәтиже тіркеді. Жекелей сында Павел алтын, ал, Антон қола жүлдеге қол созды. Әйелдер арасында қазақстандық Анастасия Городко 73,88 ұпаймен алтынды жеңіп алса, Аяулым Әміренова 72,33 ұпаймен күміс медаль иеленді. Екінші жарыс күні параллель-могул бойынша медальдар сарапқа салынған болатын. Бұл сында Павел Колмаков пен Анастасия Городко тағы да ең үздік нәтиже тіркеп, жарыс жеңімпазы атанды. Яғни, қазақстандық фристайл могул шеберлері үшін биылғы маусым сәтті басталды деуге болады. Енді олар күнтізбедегі жоспарға сәйкес құрлықтық және әлемдік аламандарда бақ сынайды.
Құрлықтық хоккей лигасы
«Барыс» «Нефтехимиктен» жеңілді. Құрлықтық хоккей лигасы аясында астаналық клуб кезекті кездесуін сырт алаңда өткізді. Ғалым Мәмбетәлиев баптайтын жігіттер бұл жолы Нижнекамс қаласына барып, жергілікті командамен жолыққан болатын. Ойынның бірінші кезеңінде алаң иелері алға шықты. Екінші кезеңде 1:1 есебі тіркелді. «Барыс» сапынан Батырлан Мұратов мергендігімен көзге түсті Ал, соңғы, яғни, үшінші кезеңде «Нефтехимик» ойыншылары тағы екі шайба соғып, жеңісті жұлып алды. Қазақстандық команда келесі ойынын осы «Нефтехимикке» қарсы өткізеді. Матч тағы да сырт алаңда 13 қараша күні болады. Айта кетейік, соңғы кезде астаналық клубта үлкен өзгерістер болып жатыр. Ұзақ жылдар бойы тапжылмай отырған бас директоры жуырда отставкаға кетті. Оның орнына Нұрлан Оразбаев тағайындалды. Ал, бас бапкер қызметіне Ғалым Мәмбетәлиев келді. Ол командадағы бірнеше легионермен қош айтысып, ойынға жергілікті ойыншыларды көбірек шығарып жүр. Соның арқасында турнир тізіміндегі жағдайын сәт жақсартты. "Барыс" қазір Шығыс Конференциясында 11-ші сатыда тұр.
Халықаралық шахмат турнирі
Қонаев Кубогы. Дәл осындай атаумен Алматы облысында шахматтан халықаралық турнир өтті. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған жарысқа 12 елден 240 спортшы жиналды. Оның ішінде жергілікті спортшылардан бөлек, АҚШ, Индонезия, Белоруссия, Украина, Армения, Ресей, Грузия және Әзірбайжанның өкілдері бар. Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында АҚШ атынан сынға түскен белгілі гроссмейстер Тимур Гареев жеңіске жетті. Ал әйелдер арасында индонезиялық Челси Моника Иглесиас ең үздік нәтиже көрсетті. Швейцариялық жүйе бойынша жылдам ойналатын шахмат турнирінде Ақылбай Иманғали, Малика Зиядин, Жамал Мамадов, Айя Тайырқызы және Әділ Азатжан сияқты Алматы қаласында жаттығатын өрендеріміз өз жас ерекшеліктері бойынша үздік атанып, алтыннан алқа тағынды. Ардагерлер арасында тағы бір қазақстандық Марат Пірімбетов бірінші орын алды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері қаржылай сыйлықпен марапатталды.
В. Почивалов атындағы халықаралық турнир
7 елдің үздіктері Шымкентте бас қосты. Бұнда cпорттық ату түрлерінен Владимир Почиваловты еске алуға арналған халықаралық туринир өтті. Дәстүрлі дода осымен 33-ші жыл қатарыннан ұйымдастырлып тұр және, айта кету керек, бұл жарыс спорттық ату түрлері бойынша халықаралық федерациясының күнтізбелік жоспарына енгізілген. Сонымен, Шымкент қаласына Ресей, Өзбекістан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Италия және Қазақстанның сұрмергендері жиналып, бір апта бойы өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде, стенд атудың трап бағытында ұлттық құраманың капитаны Әлішер Айсалбаев ең үздік нәтиже тіркеп, жарыс жеңімпазы атанды. Әйелдер арасында шымкенттік Карина Почивалова алтын жүлдегер атанды. Скит бағытында ерлер арасында тағы бір қазақстандық Артем Сидельникеов, ал, әйелдер арасында Зоя Кравченко топ жарды. Бұған қоса, жабық кешенде винтовкамен және тапаншамен нысана көздеу бойынша да сындар болды және ұлттық құрама өкілдері жақсы өнер көрсетті. «Дәл осындай форматтағы жарыс отандық спортшылардың деңгейін анықтауға, шеберлігін шыңдауға және жаттықтырушылар мен төрешілердің кәсіби біліктілігін көтеруге кермет мүмкіндік», – дейді мамандар.