Қазақ балалары алғаш рет Дэвис кубогының ширек финалына шықты

Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты дәл қазір Түркияның Анталия қаласында өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Топтық кезең аясында Қазақстан құрамасы Гонконг өкілдерімен жолығып, уақытынан бұрын жеңіске жетті. Яғни, ең алдымен кордқа ұлттық құрама сапындағы Дамир Жалғасбай шықты. Ал, оның қарсыласы – Сию Чи Николас Ченг есімді спортшы. Матч 3 сағатқа жуық уақытқа созылды және нәтижесінде жерлесіміз 6-2, 4-6, 6-3 есебімен жеңіске жетті. Артынша қос елдің нөмірі бірінші теннисшілері кездесті. Еліміз атынан Заңғар Нұрланұлы, ал, Гонконг атынан Джек Ченг өнер көрсетті. Бұл сында Заңғар айқын басымдық танытты. Қорытынды есеп: 6-3, 6-0. Осылайша, жұптық бәсекенің нәтижесіне қарамастан Қазақстан құрамасы мерзімінен бұрын ширек финалға жолдама алып қойды. Жоғарыда айтқандай, ұлттық командамыз үшін бұл тарихи жетістік саналады. Ал, келесі қарсыластарымыз әзірге белгісіз. Анталия қаласындағы әлемдік аламан 17 қарашаға дейін жалғасады.

 

Семсерлесуден ұлттық құрама әлемдік рейтингте көтерілді

Қазақстандық семсерлесу шеберлері әлемдік рейтингте көтеріліп,  алдыңғы бестікке кірді. Нақтырақ айтқанда, ұлттық құрамамыз дәл қазір 4-орында тұр.

Еске сала кетйік, жуырда ғана Швейцарияның Берн қаласында семсерлесуден Әлем кубогының алғашқы кезеңі өткен болатын. Эльмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов төрттігінен тұратын Қазақстан құрамасы 35 команда ішінен 7-орынға жайғасты. Яғни, іріктеу кезеңдерінде Дания, Украина және Нидерланд сияқты азулы командаларды ұтты. Ширек финалда Венгриядан 36:45 есебімен, ал, Швейцариядан 42:45 есебімен жеңілді. Осы нәтиженің арқасында Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте 2 саты жоғарылап, 6-орыннан 4-орынға көтерілді.

Айта кетейік, жоғарыдағы жігіттер биыл Париж Олимпиадасында да ел намысын қорғаған болатын. Жазғы ойындардың командалық сынына Қазақстан өз тарихында алғаш рет қатысты.

 

Таэквондодан ішкі біріншілікке шетелден төрешілер шақыртылды

Ішкі біріншілікте шетелдік төрешілер қызмет етеді. Таэквондодан алдағы Қазақстан чемпионатына осындай жаңашылдық енгізіліп отыр. Яғни, жылдың қорытынды жарысы барынша ашық және әділ өтуі үшін шетелдерден мамандар шақыртылған. Атап айтқанда, Ресейден 7, Өзбекстаннан 4, Тәжікстаннан 3, ал, Моңғолиядан 1 төреші келеді. Барлығы да халықаралық дәрежедегі мамандар. Олармен қатар еліміздің 11 төрешісі де жарыстың басы-қасында болады.

«Бастама аталмыш мамандар арасында тәжірибе алмасуға және шеберлік шыңдауға керемет мүмкіндік», - дейді сала өкілдері. Ал, чемпионаттың өзі алдағы аптада, нақтырақ айтқанда, 19 және 21 қараша күндері Алматы облысында өтеді. Жарыс қорытындысы бойынша ерлер және әйелдер арасында ұлттық құрама жасақталады. Яғни, ішкі бірнішілік үздігі атанған спортшылар 2025 жылы құрлықтық және әлемдік аламандарда ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.

 

Ұлттық құрама ҚазақстанАвстрия матчына дайындықты бастады

Қазақстан – Австрия матчына дайындық басталды. Футболдан Ұлттық құраманың жігіттері Алматы қаласына жиналды. Қазақстандық жігіттер UEFA Ұлттар лигасы аясында ертең, яғни, 14 қарашада Австриямен кездеседі. Осыған байланысты ресейлік маман Станислав Черчесов 27 футболшыны жаттығу жиынына шақырды. Алайда олардың арасында жартылай қорғаушы Рамазан Оразов жоқ. Дания чемпионатында доп тебетін жерлесіміздің құрамадан сырт қалғаны түсініксіз. Бұған қоса, ескерту қағазының көптігіне байланысты алдағы ойынға Нұралы Әліп пен Ислам Чесноков қатыса алмайды. Қазазақстан – Австрия матчынан кейін, яғни, араға 3 күн салып ұлттық құрама сырт алаңда Норвегия командасымен жолғады және бұл топтық кезең аясындағы соңғы матч болмақ.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы бұған дейінгі 4 ойында бір ғана ұпай жинап, өз тобының ең соңғы сатысына жайғасты. Біздің жігіттер қарсыластар қақпасына әлі бірде-бір гол соққан жоқ. Жалпы тізімде Норвегия бірінші тұр. Одан кейін Австрия мен Словения келеді. Барлығында да 7 ұпайдан.

 

Триатлоннан Қазақстан жастар құрамасы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды

23 жасқа дейінгілер арасындағы құрлықтық дода Сауд Арабиясының әл-Жубаил қаласында өтті.

Диана Ержанова, Милена Саприна, Александр Тен және Егор Крупяков төрттігі аралас командалық сында мәреге екінші болып жетті.