Мемлекет қаржыландыратын спорт түрлері қысқарады
Мемлекеттен қаржыландырылатын спорт түрлерінің саны 180-нен 60-қа дейін қысқарады.
Ал шетелден келген спортшыларға бюджеттен ақша берілмейді. Көпшілік кеңінен талқылаған заң жобасы Мәжіліске жетті.
Отандық спорттағы ең өзекті мәселелер көтеріліп, оны шешу жолдары ұсынылды. Әсіресе заңмен бекітілуі тиіс түйіткілдерге ерекше екпін жасалды.
Мемлекеттен қаржыландырылатын спорт түрлерінің саны үш есе қысқарады. Яғни 180-нен 60-қа дейін азаяды. Осыған қатысты заң жобасы Мәжілісте мақұлданды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, қаржыны барынша тиімді пайдаланып, нақты басымдық беретін бағыттар айқындалды. Жоғарыдағы тізімге ең алдымен олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлері кіреді. Бұған қоса Азия ойындары бағдарламасына енген спорттық бағыттар да қамтылады. Ұлттық спорттар да назардан тыс қалмайды. Ал қалған спорт түрлері бойынша терең сараптама жасалады.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Бірден түсіндіре кетейін, спорт түрлері қысқарады деген сөз олар толықтай жабылады не жұмысын тоқтатады дегенді білдірмейді. Демеушілердің көмегімен не өз күштерімен дамытамыз десе, ешқандай кедергі жоқ. Ең бастысы - аталмыш бағыттар ел қазынасына салмақ салмауы қажет. Өйткені, бүгінге дейін елімізде 184 спорт түрі тіркеліп үлгерген және оның 70 проценті олимпиадалық емес бағыттар. Ақшаның басым бөлігі соларға жұмсалады. Сәйкесінше, біраз жүлде әкеледі. Біраз атақтар таратылады. Бірақ, олимпиада сияқты айтулы аламан кезінде бұның барлығы бекер екенін байқаймыз.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ал енді неге 180 спорт түрін көпсініп отырмыз? Басқа елдермен салыстырмалы түрде мысал келтірейін. Әлемдегі ірі спорт державасы саналатын Ұлыбритания, Гремания, Австралия сияқты елдерде мемлекеттен қаржыландырылатын спорт түрлерінің саны 20-ға да жетпейді. Ал Беларусь елінде оның саны – 25. Көрші Өзбекстанда – 17 деген сияқты. Осылай кете береді. Тағы да естеріңізге сала кетейік, бізде 180-нен аса спорт түрі тіркелген. Нақты саны - 184.
Мемлекеттен қаржыландырылатын спорт түрлері
Ұлыбритания 15
Германия 17
Беларусь 25
Өзбекстан 17
Қазақстан 180
Ал енді халық санына қарасақ, керісінше жоғарыда аталған мемлекеттердің азаматтары бізден бірнеше есе көп. Мәселен, Ұлыбриатнияда 69, Германияда 83, ал Өзбекстанда 36 миллион адам бар. Сондықтан спорт түрлеріне бөлінетін қыруар қаржыны үнемдеп, оны барынша тиімді қолдану қажет дейді мамандар. Әсіресе спорттық инфрақұрылымды реттеу, керек-жарақпен қамтамыз ету, ауыл спортын көтеруге жұмсалса деген ұсыныстар айтылды.
Халық саны
Ұлыбритания 69 млн
Германия 83 млн
Беларусь 9 млн
Өзбекстан 36 млн
Қазақстан 20 млн
Шетелдік спортшылар мәселесі заңмен бекітілді
Легионерлер мәселесі заңмен бекітілді. Елімізде шетелден дайын спортшыларды әкеліп, оларға Қазақстан азаматтығын беріп, әлемдік ареналарда жеңіл әрі жылдам жетістікке жету әдетке айналған. Өкініштісі сол, шеттен келгендер көбіне үмітті ақтамайды. Бұған қоса мемлекет тарапынан жасалатын жағдай мен матриалдық көмекті алғаннан кейін азаматтығын қайтадан ауыстырып, өздерінің тарихи отанына оралады. Бұл жағдай қоғамда кеңінен талқыланды. Тіпті, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны реттеуге қатысты арнайы тапсырма да берді. Нәтижесінде, заңға бөлек норма енгізіліп, енді шетелдік спортшылар бюджеттен мүлде қаржыландарылмайтын болды. Аталмыш өзгерістерді ең алдымен "Барыс" хоккей клубы сезінді. Ұзақ жылдар бойы тапжылмай отырған бас директоры жуырда отставкаға кетті. Оның орнына Нұрлан Оразбаев тағайындалды. Ал бас бапкер қызметіне Ғалым Мәмбетәлиев келді. Ол командадағы бірнеше легионермен қош айтысып, жергілікті ойыншыларды көбірек шығарып жүр. Соның арқасында турнир тізіміндегі жағдайын сәл де болса жақсартты. "Барыс" қазір Шығыс Конференциясының 11-сатысына көтерілді.
Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
Мәжілісте спорт туралы заң мақұлданды
Бұған қоса, заң жобасын талқылау барысында мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту және оларға қолайлы жағдай жасау мәселелері сөз болды. Ерекше жандарға көрсетілетін ерекше көмек ретінде «спортшыны алып жүретін адам» түсінігі заңға енгізілді. Спортшыны алып жүретін адамның шығындарын өтеу жолы да жазылды. Сонымен қатар бұқаралық спортқа жасалатын қолдау заң жобасында көрініс тапты. Бұған қоса, ұлттық спорттардың қарыштап дамуына әсер ететін бастамалар және оларды қаржатпен қамтамассыз ету қадамдары нақты көрсетілді. Жалпы алғанда бүгінге дейін жұмыс тобының 11-отырысы өтті. Оның барысында 130 - дан астам түзету қаралды. Аталмыш құжат Мәжіліс қабырғасында кеңінен талқыланып, бірінші оқылымда бірауыздан мақұлданды.