Талдықорғанда ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

Талдықорғанда ауыр атлетикадан ел чемпионаты, Таразда күрес түрлерінен кубок жолындағы жарыс өтіп жатыр. Ал Ақтөбеде бүгін дзюдодан жылдың қорытынды жарысы Қазақстан чемпионаты басталады.

Қазақстан тағы Австриядан жеңілді

Футболдан УЕФА Ұлттар лигасының кезекті матчы да ұлттық құрама үшін сәтсіз болды. Станислав Черчесов баптайтын жігіттер бұл жолы Алматыда Австрия командасын қабылдады. Кездесуді қонақтар белсенді бастап, 15-ші минутта есеп ашты. Голдың авторы – Кристоф Баумгартнер. Артынша ұлттық құрама сапындағы Александр Марочкин қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Ал оның ереже бұзған нүктесінен айып добын орындаған Михаэль Грегорич есеп айырмасын еселеді және дәл осы нәтиже ойын соңына дейін өзгермеді. Қорытынды есеп: 0:2. Қазір Қазақстан құрамасы өз тобының ең соңғы сатысында тұр. Ұлттар лигасы аясында 5 матч өткізіп, 1 ғана ұпай жинадық. Өкініштісі сол, ресейлік маман Станислав Черчесов келгелі жігіттер қарсыластар қақпасына бірде-бір гол соға алмады. Сәйкесінше біз В дивизионынан төмендеп, С дивизионына қайта түсеміз деп қазірден айта беруге болады. Алда топтық кезең аясындағы соңғы матч бар. Яғни Қазақстан құрамасы 17 қараша күні Осло қаласында Норвегия құрамасымен жолығады.

Станислав Черчесов, ұлттық құраманың бас бапкері:

- Бірінші тайм көңілімнен шықпады. Алғашқы голды сыйлай салдық. Сосын қорғаныста қателік жібермеу керектігін түсіндік. Өйткені олар шабуылға тез шығады. Бірақ қорғаныста да өрескел қателік жіберіп, қызыл қағаз алдық. Артынша қарсыластар тағы бір гол соқты. Ұлттар лигасының ойындары команданың қалыпқа келіп, одан сайын шыңдала түсуіне көмектеседі. Сондықтан бұл матчтардың өзіндік маңызы бар деп ойлаймын.

 

Қазақ қызы рейтингте бірінші тұр

Әсем Орынбай Азия сұрмергендерінің көшін бастады. Азия ату спорттары конфедерациясы 2024 жылғы нәтижелерді саралап, құрлықтық рейтингті жаңартты. Оған сәйкес стенд атудың скит бағытында өнер көрсететін қазақстандық Әсем Орынбай 1722 ұпай жинап, жалпы тізімнің бірінші сатысына көтерілді. Екінші орынға Катар өкілі Әл Шаршани Рим жайғасса, қытайлық Гао Цзинмей үздік үштікті түйіндеді. «2024 жыл мен үшін сәтті өтті. Жаттығулар мен жарыстар кестесі тығыз болды. Дұрыс жоспарланған дайындық және қатаң тәртіп өз нәтижесін берді деп ойлаймын. Күш-жігерімнің осылай бағаланғанына қуаныштымын, – деді Әсем.

Айта кетейік, ол соңғы рет қыркүйек айының соңында Алматы облысында өткен Азия Кубогына қатысып, топ жарған болатын. Яғни ел намысын қорғаған Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко жұптық сында ең үздік нәтиже тіркеп, ұлтық құрама қоржынына алтын медаль салды. Құрлықтық рейтингке кірген басқа қазақстандық спортшылар жайында айтар болсақ, жоғарыдағы  Эдуард Ещенко «скит» жаттығуында бірінші орнын сақтап қалды. Зоя Кравченко жетінші орында. Ал «трап» бағытында Дмитриенко бесінші сатыға жайғасты.

 

Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты  

Ел үздіктері Талдықорғанға жиналды. Бұнда ауыр атлетикадан жылдың қорытынды жарысы Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Ішкі біріншілікке бас-аяғы 200-ден аса спортшы келді. Олар енді 20 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтайды. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталады және олар алдағы жылғы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайды.

Айта кету керек, бұл жарыстан әлем чемпионатына қатысатын спортшылар босатылған болатын.

Меңдіхан Тәпсір, ауыр атлетикадан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы:

- Олар жақын арада әлем чемпионаты болатын елге - Бахрейнге барады. Ол жерде бір жаттығу өткізіп, әлем чемпионатына барады. Бұл жарыстың ерекшелігі, жаңа таланттарды анықтауымыз керек. Мықты бапкерлерді байқауымыз керек.

 

Күрес түрлерінен ел кубогы басталды

Ал күрес түрлері бойынша ел кубогы Тараз қаласында өтіп жатыр. Оған 400-ден аса балуан жиналды. Жарыстың алғашқы күндері грек-рим күресі бойынша бәсекелер болды. Нәтижесінде 55 келіде Ербол Камалиев топ жарды. 60 келі салмақта Бақытжан Қабдыл, ал 63 келіде Мейрамбек Айнағұлов жеңіске жетті. 67 келінің мықтысы Мейіржан Шермағанбет қарсыластарын түгел жығып, Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды. Әділхан Сатаев 72 келіде алдына жан салмады. 77 келі салмақта Ибрагим Магомадов кубоққа қол созды. Ауыр салмақтарда Омар Сатаев, Шәміл Ожаев және Ілияс Гучугов жеңіске жетті. 130 келіде Әлімхан Сыздықов қарсылас шыдатпады. Дәл осылай енді әйелдер күресі және еркін күрес бойынша ел үздіктері анықталады.