Қазақстан Норвегия құрамасынан жеңілді

15 гол жіберіп алдық. Бірде-бір гол соға алмадық. Қазақстан құрамасы үшін УЕФА Ұлттар лигасының биылғы маусымы өте сәтсіз өтті.

Станислав Черчесов баптайтын жігіттер топтық кезең аясында 6 матчқа қатысып, бесеуінде жеңіліп қалды. Біреуінде тең түсті. Өкініштісі сол, осы ресейлік маман келгелі ұлттық құраманың ойыншылары қарсыластар қақпасына бірде-бір гол соға алмады. Ұлттар лигасы аясындағы ең соңғы кездесу күні кеше Осло қаласында болды. Бұл жерде Норвегия мен Қазақстан командалары жолығып, алаң иелері ірі есеппен жеңіске жетті. Алғашқы голды 23-ші минутта Эрлинг Холанд соқты. Эрлинг матч соңына дейін тағы бірнеше рет мергендігімен көзге түсіп, хет-трик авторы атанды. Бұған қоса оның командаластары Александр Сёрлот пен Антонио Нуса да мүмкіндіктерін сәтті пайдаланып, қорытынды нәтижені 5:0-ге жеткізді. Жеңіске жеткен Норвегия құрамасы 13 ұпаймен сенімді түрде топ басына шықты. Екінші орында Австрия болса, үшінші орынға Словения жайғасты. Ал Қазақстан құрамасы 1 ұпаймен ең соңғы сатыға сырғыды. Сәйкесінше ұлттық құрамамыз «В» дивизионын шығып, енді алдағы жылы қайтадан төмен тұрған «C» дивизионында өнер көрсетеді.

Қателік көп жібердік. Жоқ жерден допты жоғалтып аламыз. Артында ол өз қақпамызға келіп, голға айналады. Тек бүгінгі матчта емес, барлық ойында осындай жағдай болды. Командада ұмтылыс бар. Жігіттер ойнағысы келеді. Бірақ нәтиже болмай жатыр. Ол үшін жоғарыдағы қателіктермен жұмыс істеп, оны қайталамауға тырысу қажет. Жалпы биылғы маусым сәтсіз болды. Енді алдағы жылы барлығын таза парақтан бастаймыз. Келесі маусымның жеребесін күтеміз.

Жас чемпиондарға құрмет көрсетілді

Болашақ чемпиондарды бала жастан тәрибелеп, оларға ерекше құрмет көрсетілуі керек. Елордада №8 спорт мектебінің мамандары биыл ерекше бастаманы қолға алды. Олар жылды салтанатты түрде қорытындылап, жасөспірімдерден ересектерге ауысқан өрендерге арнайы сертификаттар табыстады. Биыл бас-аяғы 34 футболшы үлкен футболға аяқ басады және қазірдің өзінде көпшілігі кәсіпқой клубпен келісім жасасып үлгерген. Бұған қоса жыл бойы үздік нәтиже көрсеткен командалар марапатталып, үздік ойыншы, үздік шабуылшы, үздік қорғаушы және үздік қақпашы аталымдары бойынша сыйлықтар табыстады.

Айта кетейік, елордалық өрендер биыл өте сәтті өнер көрсетті. Әртүрлі жас деңгейіндегі 8 команда ішкі біріншілікте жүлдеге ілікті. Ал 2 команда ел чемпионы атанды. Балалар мен жаттықтырушыларды одан сайын ынталандыру үшін осындай форматтағы шараны енді жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.

 

Дзюдодан ел үздіктері анықталды

Ел үздіктері анықталды. Ақтөбеде дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтті. Айта кету керек, биылғы ішкі біріншілік сенсациялық жеңістерге және күтпеген нәтижелерге толы болды. Байрақты бәсекеге еліміздің барлық аймағынан 500-ден аса қатысушы жиналы және олар 14 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады. Тартысты белдесулердің нәтижесінде Нұрқанат Серікбаев, Мағжан Шамшадин және Данияр Шамшаев сияқты ұлттық құраманың үздіктері жас дзюдошылардан жеңіліп, жарыс жеңімпазы атана алмады. Есесіне Нұрәділ Әлжан, Ержан Еренқайыпов, Есет Қуанов, Мәди Амангелді, Ермахан Әнуарбеков, Марат Байкамуров және Әділ Оразбаев сында жаңа есімдер, жаңа чемпиондар шықты. Әйелдер арасында Бақыт Құсақбаева, Эсмигуль Куюлова, Екатерина Токарева және Аруна Жангельдина сынды спортшылар өз мықтылығын дәлелдеп, өз салмақ дәрежелеінде топ жарды. Жалпы командалық есепте жергілікті, яғни Ақтөбе өңірінің спортшылары көш бастады. Үздік үштікке Абай облысы және Астана қаласының дзюдошылары кірді. Ішкі чемпионатқа барған Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ішкі бәсекелестік өтіп келе жатқанын алға тартты және отандық дзюдоны үлкен реформалар күтіп тұрғанын жеткізді.

 

Таэквондодан Қазақстан чемпионатына дайындық

Ал таэквондо бойынша ішкі біріншілік ертең басталады. Жылдың қорытынды жарысын Алматы облысының Шамалған қаласы қабылдайды. Байрақты бәсекеге 300-ге жуық спортшы жиналды. Ересектер бәсекесі 16 салмақ бойынша өтеді. Яғни, ерлдер арасында 8, әйелдер арасында 8 салмақта медальдар жиынтығы сарапқа салынбақ. Ерекшелігі сол, биыл Қазақстан чемпионатына алғаш рет шетелдік төрешілер шақыртылды. Атап айтқанда, Ресейден 7, Өзбекстаннан 4, Тәжікстаннан 3, ал, Моңғолиядан 1 төреші келді. Барлығы да – халықаралық дәрежедегі мамандар. Олармен қатар еліміздің 11 төрешісі де жарыстың басы-қасында болады. «Бастама – аталмыш мамандар арасында тәжірибе алмасуға және шеберлік шыңдауға керемет мүмкіндік», – дейді сала өкілдері. Жарыс қорытындысы бойынша ерлер және әйелдер арасында ұлттық құрама жасақталады. Яғни, ішкі бірнішілік үздігі атанған спортшылар 2025 жылы құрлықтық және әлемдік аламандарда ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.

 

«Барыс» ірі есеппен жеңіске жетті

«Барыс» алғаш рет қарсыластар қақпасына 6 шайба соғып, ірі есеппен жеңіске жетті. Легионерлермен қош айтысып, жергілікті ойыншыларға көбірек мүмкіндік беріп жатқан елордалық клуб керемет нәтиже тіркеді. Ғалым Мәмбеталиев баптайтын жігіттер Құрлықтық хоккей лигасы аясында сырт алаңда ресейлік «Сочи» хоккей клубымен кездескен болатын. Матч барысында «Барыс» сапындағы Әлихан Өмірбеков, Кирилл Савицкий, Никита Сетдиков, Кирилл Панюков және Антон Бурдасов мергендігімен көзге түсті. Тіпті Кирилл Савицк дубльдің авторы атанды. Қорытынды есеп: 3:6. Ірі есеппен жеңіске жеткен «Барыс» турнир тізімінде қозғала қойған жоқ. Ол қазір Шығыс конференциясының 11-ші сатысында тұр. Келесі матчта тағы да сырт алаңда болады. Астаналық клуб бұл жолы Магнитогорск қаласында жергілікті Металлург командасымен жолығады.