Шахматтан 2024 жылғы Қазақстан кубогының жеңімпаздары атанды

Шахматтан 2024 жылғы Қазақстан кубогының жеңімпаздары атанды

Денис Махнёв пен Екатерина Гольцева шахматтан 2024 жылғы Қазақстан Кубогының жеңімпаздары атанды.

2024 жылғы Қазақстан Кубогының финалдық турнирінің жеңімпаздары 24 жастағы Павлодарлық гроссмейстер Денис Махнёв және ФИДЕ туымен жарысқа қатысқан 21 жастағы Екатерина Гольцева болды.

12 қарашада Алматыда 16 ер мен 16 әйелдің қатысуымен нокаут жүйесі (жеңілгендер шығып қалатын жүйе) бойынша классикалық шахматтан 2024 жылғы Қазақстан кубогының финалдық турнирлері басталды.

Ерлер арасындағы финалға екі гроссмейстер, жақында Будапешт қаласында өткен шахмат Олимпиадасына Қазақстан құрамасында қатысқан 2021 жылғы Қазақстан чемпионы GM Денис Махнёв (2536) және 2022 жылғы Қазақстан чемпионы GM Рамазан Жалмаханов (2474) жетті.

Жартылай финалдың екеуінде де ойыншылар регламентте қарастырылған соңғы кезең – армагеддонға дейін күресті. Классика да, рапид те, блиц те жеңімпазды анықтауға мүмкіндік берген жоқ. Бірақ Рамазан Жалмаханов пен Аюш Шарма тең ойынды мүлде мойындамаса, Денис Махнёв пен Михаил Никитенко бұған керісінше барлық партияларын тең ойынмен аяқтады. Армагеддонда ғана ақ фигуралармен ойнаған, сондықтан бір артық минуты болған Махнёв пен Жалмаханов «қарсыласының жалауын құлатты» – екуінде де 4–3.

Финалда сайыс Денис Махнёвтің «сценарийі бойынша» өтті: классика мен рапид партиялары тез арада тең ойынмен аяқталды, блицтің бірінші партиясының өзінде қаралармен ойнаған Павлодар шахматшысы қарсыласын жеңді. Содан соң ақ фигуралармен ойнаған кезде күші басым болған ол екінші партияны да ұтты: есеп – 4–2.