Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер спортын реформалар күтіп тұр

Елде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне жан басына шаққандағы қаржыландыру түрі енгізіледі, деп хабарлайды 24KZ. Пилоттық жобаны келер жылы Қарағанды мен Ақтөбеден бастау көзделіп отыр. Тамара Дүйсенова бастаған жұмыс тобы Риддердегі мамандандырылған олимпиадалық резерв интернат-мектебінің ұжымымен кездесіп, өзекті жаңалықты бірге талқылады.

Бұл нысан 250 оқушыға шақталған. Жеткіншектерді спортқа баулумен 179 маман айналысады. Риддердің қысқы спорттың отанына айналу мүмкіндігі зор. Жақында 1200 метрлік шаңғы роллер трассасы салынды. Енді жүйеге серпіліс беру үшін болашақ чемпиондарды әзірлеу бағдарламасына үлкен реформа қажет. Сол өзгерістердің бірі – әдеттегі қаржыландыру түрінен бас тарту. Бұл бәсекелестікті күшейтіп, спорт мектептерінің қуатын арттырады. Жаттықтырушылардың жалақысын да, біліктілігін де өсіруге ықпал етеді. Жаңа механизмнің тиімділігіне Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев та тоқталды.

Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

- Сметалық қаражаттан жан басына бөлу қаражатына көшеміз деп жатырмыз. Ол не береді? Біріншіден, сол қаражаттың өсуін береді. Қазіргі уақытта бүкіл қаражат есептеліп, Қаржы министрілігне өтініш білдірдік. Сондықтан заң аясында Үкімет тарапынан осы Мәжіліске енгізгелі жатырмыз.