Бүгін бокстан Қазақстан құрамасы Азия чемпионатына аттанады
Отандастарымыз Таиландта өтетін сары құрлық бәсекесінде 13 салмақ бойынша сынға түседі, деп хабарлайды 24kz.
Жерлестеріміз жарыс алдында дайындықтарын пысықтап, өзге елдермен бірлескен жаттығу жиындарын өткізді.
Мерей Қанапия, тілші:
- Боксшылар 2 аптаға созылған оқу-жаттығу жиынын аяқтады. Оған Куба, Грекия, Ресей спортшылары қатысып, отандастарымыздың Азия чемпионаты алдындағы дайындығына атсалысты. Арасында Бостандық аралынан келген 2 дүркін Олимпиада чемпиондары Хулио Сесар Ла Крус бен Арлен Лопес бар.
Хулио Сесар Ла Круз, 2 дүркін олимпиада чемпионы (Куба):
- Өздеріңіз білетіндей, менің әлемдік аренадағы ең басты қарсыластарым – ол қазақстандық спортшылар. Мұндағы бәсекелестік сұмдық жоғары. Кезінде Әділбек Ниязымбетов болса, қазір Бекзат, Нұрбек секілді талантты жас боксшыларыңыз бар. Қазақ спортшыларына Азия чемпионатында сәттілік тілеймін.
Азия чемпионатына баратын құрам Шымкенттегі турнирден кейін жасақталды. Яғни, жеңіл салмақтарда Санжар Тәшкенбай мен Сәкен Бибосынов және Махмұд Сабырхан мен Оразбек Асылқұлов сынға түседі. Ал 60 пен 80 келіге дейінгі аралықта Бейбарыс Жексен мен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Дулат Бекбау мен Абылайхан Жүсіпов және Диас Молжігітов пен Ерасыл Жақбеков бақ сынайды. Сондай-ақ жоғары салмақтарда Бекзат Нұрдәулетов, Сағындық Тоғамбай, Айбек Оралбай өнер көрсетеді.
Қайрат Сәтжанов, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Қазіргі уақытта ең мықты Америка, Еуропа басқа континенттерді алсақ, ең мықтысы біздің Азия құрлығы болып отыр. Жарыс жоғары деңгейде өтеді деген ойдамын. Қазір әлем және Олимпиада ойындарында бірінші орында жүрген ол – Өзбекстан құрамасы. Ең басты қарсыластармыз сол деп ойлаймын.
Махмұд Сабырхан, бокстан ұлттық құрама мүшесі:
- Америкадан Геннадий Головкин ағамызды дайындайтын Комачо Дарио деген жаттықтырушы келді. Физикалық жағынан өте керемет дайындап жатыр. Өзіміздің жеке бапкеріміз бар, Қайрат ағай бар барлығы ақылдасып, өте керемет жаттығу болып жатыр.
Биыл Азия чемпионаты Таиландтың Чиангмай қаласында өтеді. Жарыс 29 қарашада басталып, 11 желтоқсанға дейін жалғасады.
Авторлары: Мерей Қанапия, Қали Несіпбаев, Диас Қобыланбаев