Қазақстандық үш боксшы Азия чемпионатында ширек финалға шықты
Бокстан Таиландтың Чиангмай қаласында өтіп жатқан Азия чемпионаты жалғасуда.
57 келідегі отандасымыз Оразбек Асылқұлов алғашқы жекпе-жегінде малайзиялық Мохамад Зульхайнмен жұдырықтасып, жеңіске жетті. Ол қарсыласын екінші раундта-ақ тізе бүктіріп, нокаутпен ұтты. Оның келесі жекпе-жегі 5 желтоқсанға жоспарланған. Артынша Бейбарыс Жексен 60 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Дилшод Абдумуродовпен кездесіп, қарсыласынан айласын асырды. Қорытынды есеп: 4:1. Сондай-ақ 67 келіде өнер көрсететін боксшымыз Дулат Бекбауда да ширек финалға жолдама алды. Ол Тайпэй спортшысымен жұдырықтасып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Мұндағы қорытынды есеп: 5:0.
Қайрат Сәтжанов, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Қазіргі уақытта ең мықты Америка, Еуропа басқа континенттерді алсақ, ең мықтысы біздің Азия құрлығы болып отыр. Жарыс жоғары деңгейде өтеді деген ойдамын. Қазір әлем және олимпиада ойындарында бірінші орында жүрген ол Өзбекстан құрамасы. Ең басты қарсыластармыз сол деп ойлаймын.
Азия чемпионаты басталмай жатып, 5 медаль жеңіп алған едік. Яғни жоғары салмақтардағы Бекзат Нұрдәулетов пен Айбек Оралбай жарыс жолын жартылай финалдан бастайтындықтан кемі қола жүлдеге ілігіп тұр. Ал әйелдерден Гүлсая Ержан, Елдана Тәліпова және Наталья Богданова да үздік үштіктің қатарында тұр. Жалпы бокстан ерлер құрамасы сары құрлық бәсекесінде 13, әйелдер 12 салмақ бойынша сынға түседі. Жарыс 12 желтоқсанға дейін жалғасады.
«Қайрат» клубы «Төрттік финалына» жолдама алды
Футзалдан «Қайрат» клубы чемпиондар лигасының «Төрттік финалына» жолдама алды. Алматылық ұжым элиталық раундтың соңғы матчын хорватиялық “Динамоға” қарсы өткізіп, ойсырата ұтты. Есеп 5:1. Ойында Қайрат сапынан Біржан Оразов пен Алиссон және Занотто мен Геге гол соғып, көзге түсті. Осылайша Алматылық клуб топтық кезеңде 9 ұпай еншілеп, ең жоғары нәтижемен төрттік финалға өтті. Енді олар алдағы уақытта испанияның “Картахенасы” мен “Пальма” және португалиялық “Спортинг” клубтарына қарсы ойын өткізеді.
“Барыс” қатарынан 5-ойында жеңіліп қалды
Хоккейден астаналық “Барыс” қатарынан 5-ойында жеңіліс тапты. Жерлестеріміз қонақта Мәскеулік ЦСКА-мен кездесіп, 3:1 есебімен ұтылды. Осыған дейін, “Барыс” Амур, Авангард, Сибирь және Металлург клубтарына есе жіберген еді. Енді елордалық ұжым 4 желтоқсан күні өз алаңында Спартакты қабылдайды.
Нұралы Әліп дебюттік голын соқты
Нұралы Әліп Ресей премьер-лигасындағы дебютті голын соқты. Қазақстан ұлттық құрамасы мен Зениттің қорғаушысы 17-ші тур аясында “Крылья Советов” қақпасына бұрыштамадан асырылған допты сәтті пайдаланып, алғашқы голын салды. Отандасымыз ойынның 72 минутында есепті 3:2 ге қысқартқанымен командасы жеңіске жете алмады. Десе де “Зенит” қазір турнирлік кестеде 39 ұпаймен көш бастап тұр.
Балалар арасындағы республикалық турнир
Ең жас футболшылар арасындағы республикалық турнир. Астанада 2016 жылы дүниеге келген өрендер арасында аладоп аламаны болды. Жергілікті спорт мектебінің жасыл алаңына еліміздің түкпір-түкпірнен 8 команда жиналды. Олар 3 күн бойы өзара мықтыны анықтады. Яғни ересектер футболындағыдай алдымен топтық кезең ұйымдастырылды. Одан плей-офф, жартылай финал және финал кездесулері өтті. Нәтижесінде, елордалық №8 спорт мектебінің командасы жеңімпаз атанды. Үздік үштікті қарағандылық және тағы бір жергілікті команда түйіндеді. Айта кету керек, бұл жас деңгейінде балалар арасында Қазақстан чемпионаты өтпейді. Сондықтан барынша шеберлік шыңдап, тәжірибе толыстыру үшін осындай форматтағы жарыстарды көбірек өткізу керек дейді мамандар.
Бейсенбек Қайыркенұлы №8 спорт мектебінің жаттықтырушысы: