Ақтөбеде 35 мың көрерменге арналған стадион бой көтереді

akorda.kz

Ақтөбеде көп ұзамай 35 мың көрерменге арналған стадион мен 700 орындық драма театры бой көтермек, деп хабарлайды 24KZ. Сапарын Ақтөбе қаласында жалғастырған Президент жаңа нысандардың макетімен танысты. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы зауыттарды аралап, бірқатар әлеуметік нысан қызметкерлерімен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі сапарларында өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударады. Бұл жолы да әдеттен жаңылмай, қаладағы жұмысын жергілікті зауыттармен танысудан бастады. Президент алдымен құбыр өндірісіне барды. Құны 3,5 миллиард теңге болатын кәсіпорын биыл шілде айында пайдалануға берілген. Жылына 20 мың тонна өнім өндіреді. Алдағы уақытта шығарылатын өнім түрлерін көбейтіп, цехтардың қуаттылығын арттыруды көздеп отыр. Кәсіпкер отандық тауар шығарып қана қоймай, жұмысшыларға жоғары жалақы төлеп жатыр.

Мадияр Мақұлов, құбыр зауытының операторы:

- Жұмыс жақсы. Өз бағытымен жүріп келеді. Менің мамандығым негізі геодозист. Енді солай болды да, осы зауытқа келдім, оператор болып. Ең басында «наладчик» болдым. Сосын барып жайлап, осылай көтеріліп, операторға дейін бардым. Оқытудан өттім. Бір ай, бір жарым айдай үйрендім. Өздері үйретті. Мастерлер бар оның ішінде.

Одан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті тауар өндірушілердің көрмесін аралады. Онда өндіріс және теміржол саласына арналған жабдықтар, сондай-ақ медициналық қондырғылар мен дәрі-дәрмектер, арнайы киімдер, тұрмыстық химия, сантехника бұйымдарын шығаратын кәсіпорындардың өнімдері қойылған.

Бұл – өңірде атқаралып жатқан ауқымды жұмыстың бір парасы ғана. Көрмеден соң облыс әкімі Асхат Шахаров Президентке есеп берді. Аймақ басшысының айтуынша, экономиканың барлық бағытында өсім бар. Алғашқы алты айда шетелден тартылған тікелей инвестиция көлемі 175 миллион долларға жеткен. Сандарды сөйлетсек, биыл Ақтөбеде 2,4 трлн теңгенің тауары өндірілді. Оның 53%-і тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. Ал 41% өңдеу саланың еншісінде. Инвестиция тарту ісі де қарқын алған. Биыл өңір экономикасына 764 млрд теңге құйылды. Мұнда да қазба байлықтарға бөлінген қаржы көп. Алайда өзге салалардағы серпілісті байқау қиын емес.

Өңірдің жетістіктерін жіпке тізген соң Мемлекет басшысына жаңа жобалар таныстырылды. Соның бірі – Ақтөбе қаласының әуежайын мультимодалды хаб ретінде дамыту. Жобаға 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылып, 5 мың жұмыс орнын ашылады. Сондай-ақ көп ұзамай шаһарда 700 орындық драма театры және 35 мың көрерменге арналған көпфункционалды стадион бой көтереді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың қауіпсіздігін сақтауға да назар салды. Жаңадан ашылған жедел басқару орталығына барып, тәртіп сақшыларының жұмысын бағамдады. Мұнда 32 инспектор мен «102» шұғыл желісінің 3 операторы жұмыс істейді.

Венера Әлиева, Ақтөбе қаласы ПБ 102 операторы:

- Қоңырау көп болатын жағдай жылы мезгілде, яғни көктемде, жазғы мезгілдерде қоңырау қала бойынша көп түседі. Ол 200-250-ден астам.  Ал қыс мезгілінде 250-200-ге жуық хабарлама келіп түседі. Айырмашылықтары бар деп айтсам болады. Бізге адресті мекенжайды анықтап айтып жатса, бұл картаға түсіп тұрады. Оның хабарласып тұрғаны, картадан адресті белгілеп, яғни сол аумақ бойынша инспекторға жібере аламыз.

Қазір Ақтөбе облысында 5 жедел басқару орталығы жұмыс істеп тұр. Осы орталықтар арқылы өңірде 1,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық ашылып, 187 мың жол жүру ережесін бұзу фактісі анықталған.

Абай Жүсіпов, Ақтөбе облысы ПД бастығы:

- Бұрын камералар жетіспеу болды. Ескі жедел басқару орталығы болған. Ол тек қала деңгейінде қызмет атқарған. Бүгінгі ашылған жедел басқару орталығымыз бүкіл облысымызды осы жерде шоғырландырып, жедел басқаруға мүмкіндік береді. Алты ауданымызда құрылған. Келесі жылы қалған аудандарымызда ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Бүкіл ауданымыздың, облысымыздың түскен мәліметтерді осы жерде біріктіріп, жұмысты ұйымдастыруға, тез шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллектінің тағы бір игілігі жоғалған азаматтарды табуға көмектеседі. Бұдан бөлек жол жүру ережесін бұзу фактілерін тіркеп, көлік қозғалысын қадағалауға жәрдемдеседі. Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет екенін айтып, қоғамда заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етудің маңызына назар аударды.

Өңірдегі азаматтардың жүріс-тұрысы мен қимыл қозғалысы енді түгелдей осы жерден бақыланады. Жүйеге 15 мың камера қосылған. Оның мыңы жасанды интеллектімен жабдықталды. Осылайша, тәртіп бұзушылардың түрін анықтап, қару-жарақ немесе жоғалған заттарды табу жеңілдей түспек. Облыс тыныштығын күзететін жүйені тәулік бойына 15 маман кірпік қақпай бақылап отырады.

Одан әрі Президент Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының қызметімен танысты. Мұнда жыл сайын үшемдер дүниеге келеді. Ал жалпы  8 мыңнан астам нәресте өмірге келіп, 13 мыңнан астам адам ем алады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа орталықта туа біткен сырқаты бар нәрестелерге жасалған ота туралы айтылды. Мекеме ашылғанға дейін мұндай диагнозы бар сәбилер Астана қаласында емделген.

Гүлшат Темірбаева, облыстық перинаталдық орталық директоры:

- Орталықтың ашылғанына үш жыл болады. Осы орталық заманауи жабдықпен жабдықталған. Аппараттарымыздың бәрі бар. Бұл орталықтың ерекшелігі – бұл орталықта жасалатын оталар. Жаңа туған, шала туған нәрестелерге жасалатын операциялар. 50-ден астам операция жасалды. Көзіне жасалады шала туған нәрестелердің. Жүрек тамырларға жасалады. Сосын неонаталды операциялар.

Мемлекет басшысы перинаталдық орталығының қызметкерлерімен әңгімелесіп, олардың жұмысына табыс тіледі.

Сапар соңында Қасым-Жомарт Тоқаев «Химик» стадионының базасында ашылған балалар футбол академиясына да барды. Заманауи үлгіде жабдықталған нысанда жыл бойы спортпен айналысуға жағдай жасалған.

Спорт жанкүйерлері үшін Ақтөбе мен футбол – егіз ұғым. Доп тебу жергілікті халықтың өмір салтына еніп кеткен. Өңірдегі футбол клубының тарихы жеңіске бай. Оның үстіне қақпа артында отыратын елдегі үздік жанкүйерлер тобы 13 сектор да осында. Доппен дос болған аймақ енді жаңа чемпиондарын дәл осы алаңда дайындайды.

Академияда қазір 780 бала үздік халықаралық тәжірибе бойынша жаттығады. Онда спорт залдары, әкімшілік, оңалту, ем-дом және басқа да қызмет көрсету кабинеттері орналасқан.

Әбілхан Әбілғазы, футбол үйірмесіне қатысушы:

- Менің арманым, өскенде ақша тауып көлік алып бергім келеді. Сосын кумирім Месси. Өйткені ол сол аяқ, мен де сол аяқпын.

Мемлекет басшысы академияны аралап көріп, жасөспірімдермен және жаттықтырушылармен әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды зиянды әрекеттерден сақтау үшін оларды спортқа көптеп тартудың маңызы зор екенін айтты.

Осылайша, Ақтөбеде өндіріс пен өңдеу өнеркәсібі қатар өркендеп жатқанын байқадық. Аймақта қазір млнға жуық халық тұрады. Олардың орташа жалақысы 365 мың теңге. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ті көрсетіп тұр. Жеткен жетістікке тоқмейлісімей, өңір экономикасы бұл көрсеткішті еселеуге қауқарлы. Әлеуетті бағыттың бір бөлігімен Президент танысып, тапсырма жүктеді.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Ділмұрат Сейдаханов.