Елордада жаңа жыл қарсаңындағы дәстүрлі велошеру өтті
Бүгін елордада бұрқасынға қарамастан орталық саябақта Жаңа жыл қарсаңындағы дәстүрлі велошеру өтті.
Қала тұрғындары Ақшақар мен Аяз атаның костюмін киіп, велосипедпен көшелерді аралады.
Жаңа жыл кейіпкерлерінің киімі мен велосипедін сайлаған көпшілік мерекелік шарада барынша белсенділік танытты. Велошеруге жүз елуге тарта қатысушы келді. Ең жасы 5-те болса, ал егде тартқаны 75 жаста.
Нұрай Әбіл, қала тұрғыны:
- Мен өз анаммен және әкеммен келдім. Мен бүгін ойнау үшін, көңіл көтеру үшін келдім. Осы демалыс менің ең жақсы көретін демалыстарымның бірі.
Әрсен Бейсембек, қала тұрғыны:
- Біз бүгін тренермен өзіміздің топпен келдік. Қиын емес, күшті. Жақсы көремін велик тепкенді. Біздің денеміз шыныққан шымыр болу керек.
Сергей Зимин, қала тұрғыны:
-Менің жасым 66-да. Биыл екінші мәрте қатысып отырмын. Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Өте қызықты. Бәрімізге мерекелік көңіл күй сыйлады. Осындай спорттық шаралар жиі болғанын қалаймыз, таза ауада велосипедпен жүру денсаулыққа да пайдалы.
Қайырымдылық велошеру осымен латыншы рет өтіп отыр. Қазір бұл шара салауатты өмір салтын насихаттаудан бөлек, игі іске де мұрындық болып отыр.
Шолпан Жүргенбаева, Velo Lady бірлестігінің басшысы:
- Біз жыл сайын жаңа жыл қарсаңында велошеруді ұйымдастырамыз. Осы жолы екі бүйрегі істемей қалған біздің велоклуб өкілі Арман есімді досымызға көмектесеміз. Ол қазір диализде жатыр. Оның толық сауығып, келесі жылы біздің қатарға қосылатынына үмітіміз мол.
Велошеруді дәстүрлі мерекеге айналдырған әуесқой спортшылардың саны да жыл санап артып келеді.
Сымбат Сейсекова, велошеруді ұйымдастырушы:
- Ең басында отыз шақты адам болды. Былтыр елу шақты, биыл жүз елудей болды. Мен өзім жеке кәсіпкермін. Барлығымыз әртүрлі салада жұмыс жасаймыз. Адамдарды қосу, спортқа тарту, велоға тарту, ол не только спортқа, ол жерде көңіл-күй, достық, мейірімділік ойналады ол жерде.
Әуесқой спортшылар велошеруден бөлек биден флешмоб ұйымдастырып, ұтыс ойындарға қатысты. Ал балаларға арнайы ойын-сауық бағдарламасы әзірленді. Шара соңында бәріне медальдар мен түрлі сыйлықтар табысталды.
Дильназ Тұрғазыева, Абдулхамит Бөлекбаев