Анастасия Городко әлем чемпионы атанды

Қоржынымызға фристайлдан әлем чемпионатының алтыны түсті. Ал қалған қысқы спорт түрлеріндегі ұл-қыздарымыз Азия ойындарына қызу дайындалып жатыр.

Анастасия Городко - әлем чемпионы. Алматы қаласында фристайлдан жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік дода жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні ұлттық құрама қоржынына алтын медаль түсті. Оны тағы да Анастасия Городко жеңіп алды. Қазақстандық спортшы бұл жолы параллельді могул бағытында сынға түскен еді. Анастасия ақтық сында америкалық Риз Чапделайнмен бірге алтын жүлдені сарапқа салды. Нәтижесінде жерлесіміз үздік нәтиже тіркеді. Қола жүлде тағы бір америкалық Эбби Макларнонға бұйырды. Осылайша қоржынымыздағы медаль саны екеуге жетті. Яғни осының алдында Анастасия фристайл могул бағытында күміс жеңіп алған болатын. Соның арқасында Қазақстан жалпы командалық есепте екінші орынға тұрақтады. Топ басында Жапония құрамасы болса, Чехия спортшылары әзірге үздік үштікеті түйіндеп тұр. Енді бүгін соңғы жарыс күні. Аралас командалық сындар өтеді. Сәйкесінше ел намысын қорғайтын басқа да ұл-қыздар осы Анастасияның жеңіс жолын жалғасырады деген үміттеміз.

Қысқы Азия ойындарына дайындық

 Аяулым мен Абылайхан туымызды ұстап шығады. Тура бір айдан кейін Қытайдың Харбин және Ябули қалаларында жылдың басты бәсекесі қысқы Азия ойындары басталады. Оның ресми ашылу салтанатында көк байрағымызды алып шығатын спортшылардың есімі жарияланды. Яғни бұл құрмет фристайл бойынша ұлттық құраманың үздігі Аяулым Әмренова мен хоккейден ұлттық құраманың өкілі Абылайхан Сүлейменовке бұйырды. Құрлықтық доданың өзі 7 ақпанда басталады және 14 ақпанға дейін жалғасады. Онда 11 спорт түрінен медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Байрақты бәсекеге 139 спортшымыз қатысады. Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте алдыңғы бестікке кіреміз деп жоспарлап отыр. Бір қызығы Харбин қаласы бұған дейін 1996 жылы да осы қысқы Азия ойындардын қабылдады және Қазақстан құрамасы алғаш рет осы бәсекеге қатысқан болатын. Қазір жолдама алған спортшылар қызу дайындыққа кірісті.

Харбин-2025: Ел намысын кімдер қорғайды? 

Харбинде ел намысын қорғайтын шорт-трек шеберлері қазір Астанаға жиналып, Азия ойындарына дайындықты бастады. Ұлттық құрама 2024 жылғы Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша жасақталды. Бұл жөнінде бас бапкер Петр Гамидов мәлімдеді. Сонымен Қытайда өтетін қысқы Азия ойындардында ерлер арасында Абзал Әжғалиев, Әділ Ғалиахметов,  Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Насен және Глеб Ивченко жарыс алаңына шығады. Әйелдер арасында Ольга Тихонова, Яна Хан, Малика Ермек, Алина Әжғалиева, Мадина Жанбусинова және Зейнеп Құмарқан жүлдеге таласып көреді. Аталмыш спортшылар бұған дейін World Tour кезеңдерінде жарысқа қатысып, Азия ойындарына дайындық жүргізді. Отандық спорт мамандары мен спорт жанкүйерлері дәл осы шорт-трек бағытынан үлкен үміт күтеді.

Франция 2030 жылғы олимпиаданы қабылдайды

Бұл қарбаластың барлығы алдағы жылы, яғни, 2026 жылы Италияда өтетін қысқы олимпиадаға дайындық саналады. Ал одан кейінгі яғни 2030 жылғы қысқы ойындар Францияда өтетін болды. Оның ашылу салтатаны Ницца қаласында ұйымдастырылады. Тіпті уақыты да белгілі. Яғни 8 және 24 ақпан аралығында болады. Франциядағы қысқы олимпиада бағдарламасында жаңа спорт түрлері пайда болуы мүмкін. Бұған қоса бұрыннан келе жатқан  шаңғы жарысы, биатлон, шаңғымен секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл, сноуборд, шаңғы альпинизмі, тау шаңғысы, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, керлинг, хоккей, бобслей, скелетон сынды спорт түрлерінен медальдар сарапқа салынады. Айта кетейік  Франция 1896 жылдан бері үш жазғы және төрт қысқы олимпиада ойындарын өткізді.