Алматыда фристайлдан жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік дода жалғасып жатыр
Қоржынымызға тағы бір күміс түсті.
Алматы қаласында фристайлдан жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік дода жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні фристайл могулдан аралас жұптық сындар өтті. Ел намысын қорғаған Юлия Феклистова мен Денис Раструба финалға дейін жетіп, ақтық сында америкалық спортшыларға есе жіберді. Яғни алтын жүлде америкалық, күміс қазақстандық, ал қола тағы бір америкалық жұпқа бұйырды. Сонымен, ұлттық құрама спортшылары осымен 3-мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп тұр. Бұған дейін Анастасия Городко параллельді могулда алтын, фристайл могулда күміс жеңіп алған болатын. Осының арқасында Қазақстан жалпы командалық есепте екінші орынға жайғасты. Топ басында Жапония құрамасы болса, Чехия спортшылары үздік үштікті түйіндеп тұр. Енді бүгін фристайлдың акробатика бағытындағы жарыстар басталады. Бұл жарысқа еліміз атынан ұлдар арасында Дінмұхаммед Райымқұл, Асан Асылхан, Роман Погосян және Ұланбәкір Өмірзақов қатысады. Ал қыздар арасында Ардана Маханова, Раяна Маханова және Аделина Өмірзақовалар жүлдеге таласып көреді.
Ел үздіктері елордаға жиналды. Бұнда дзюдодан ұлттық құраманың 2025 жылдағы алғашқы жаттығу жиыны басталды. Оған 100-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Араларында Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов қана жоқ. Елдос ағылшын тілін жетілдіру үшін бірер айға Кәрі Құрлыққа аттанАды. Ал қалған спортшылар, атап айтқанда, Ғұсман Қырғызбаев, Мағжан Шамшадин, Нұрқанат Серікбай, Ғалия Тынбаева және Абиба Әбужақынова сияқты тәжірибелі спортшылар түгелдей осында. Кешенді дайындық 19 қаңтарға дейін жалғасады. Одан кейін спортшыларымыз Франция астанасына барады. Яғни 1 және 2 ақпан күндері Парижде өтетін Гранд Слэм турниріне қатысады.
Қазақ күресінен "Дала қырандары" турнирі өтеді
Қазақ күресінен де ел үздіктері Астанаға жиналып жатыр. Бұнда ұлттық спортымыздан «Дала қырандары» атты ерекше форматтағы жарыс өтті. Ерекшелігі сол оның барысында тек түйе палуандар ғана емес, жеңіл, орта және ауыр салмақтағы жігіттер де өзара мықтыны анықтайды. Бас-аяғы 8 салмақ дәрежесі бар. Республикалық жарысқа рейтинглік турнирлерге тұрақты қатысып, ең жоғары ұпай жинаған 64 палуан ғана қатысады. Олардың қатарынан әлем чемпионаты және өзге де халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып жүрген Бекжан Төлепов, Жұмажан Қожамбеков, Ерсұлтан Мұзаппаров, Алтынбек Аусағитов, Нұрдәулет Жарылғапов және Ерасыл Қажыбаев сияқты спортшыларды көруше болады. «Дала қырандары» турнирі соңғы жылдары тұрақты ұйымдастырылып жүр. Жоба ұлттық күресіміздің насихатын күшейтіп, Қазақстанның спорттық мұрасын сақтауға және ілгерілетуге көмектеседі дейді мамандар.