Абай облысының үш ауылында спорт модулі салынады
Абай облысы Ақсуат ауданында церебральды сал ауруына шалдыққан балалар үшін ат спорты үйірмелері ашылады.
Осы арқылы жеткіншектерді дұрыс дамытып, спортқа баулу көзделген. Бүгінде өңірде 15 мыңнан астам адамды қамтитын 23 спорт мекемесі жұмыс істейді. Оларда кімдер жаттығып жүр?
Ақсуат ауылының тұрғыны Ералы Қанатбеков қазақ күресіне 6 жасында ден қоя бастаған. Облыстық, республикалық жарыстарда әркез жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Жас балуанның ендігі арманы - ел намысын әлемдік аренада қорғау.
Ералы Қанатбеков, Ақсуат ауылының тұрғыны:
- Маған өте қатты ұнайды. Мен бұл спортты бала кезімнен жақсы көремін. Мен дзюдо, қазақ күресінен облыс жеңімпазымын. Таяуда өткен “Жас Барыс” республикалық турнирінде жеңімпаз атанып отырмын. Болашақта халықаралық ареналарда облыс намысын қорғағым келеді.
Ақсуат ауданының өзінде 51 спорт нысаны бар. Оларда 6 мыңнан астам тұрғын дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысады. Салауатты өмір салтын насихаттаушылар қатарында зейнеткерлер мен мүгедектігі бар кісілер де бар.
Мәди Қитатов, үстел теннисінен жаттықтырушы:
- Бұрыннан келе жатқан ардагер спортшыларымыз бар. Оқушылардан 4 группамыз бар. Кешке жақын үлкен кісілер де келеді. Енді бұл үстел теннисінің адам денсаулығына пайдасы зор деп ойлаймын. Буынға жақсы, жұмыста отыратын кісілерге. Зрениеге жақсы. Көп оқушы соған байланысты келеді бізге.
Ауданда ұлттық спорт та кең қанат жайып келеді. Биыл ат спорты секциясын ашу жоспарланған. Онда церебральды сал ауруына және психо-неврологиялық ауруға шалдыққан балалар оңалту шараларына өте алады.
Дулат Бауыржанұлы, бұқаралық және ұлттық спорт ойындарын дамыту орталығының директоры:
- Дені сау ұрпағымыздың өзі де қазіргі таңда әлеуметтік желіде, ұялы телефонда көп отырады ғой. Соларға ат мінгізіп салауатты өмір салтын насихаттау деген жоспарларымыз бар. Бәйгеге қосу, аударыспақ сияқты ұлттық спортпен айналыссақ деген жоспарларымыз көп.
Биыл Ақсуат ауданының Ойшілік, Көкжыра және Құмкөл ауылдарында спорт модулінің құрылысы басталады.
Ахмет Аққазин, Ақсуат ауданы әкімінің орынбасары:
- Көкжыра, Екпін, Сәтпаев, Жантікей және Көктүбек ауылдарынан спорт секциялары ашылды. Негізінен бұл бокс, дзюдо, қазақша күрес, үстел теннисі гір спорты дейміз осындай осындай спорт түрлері ашылды. Бұған қосымша 460 тай оқушыларымыз тартылып,жұмыс жасалып жатыр.
Былтыр өңірде 10 спорт кешені ел игілігіне берілді. Жалпы облыс бойынша 14 спорт мектебі болса, соның біреуі Ақсуат ауданында орналасқан.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов