IX Қысқы Азия ойындарының басталуына 4 күн қалды
IX Қысқы Азия ойындарының басталуына 4 күн қалды.
Қытайдың Харбин қаласында өтетін байрақты додаға әлемнің 32 елінен мың 200-ге жуық спортшы қатысады. Олар 1 апта бойы өзара мықтыларды анықтайды. Қай спорт түрлерінен алтын күтеміз? Сарапшылар не дейді?
Қазақстан құрамасы өз тарихында қысқы азия ойындарына 6 мәрте қатысқан. Яғни 1996 жылдан бері тұрақты түрде өнер көрсетіп келеді. Сары құрлық бәсекесі араға 8 жыл салып, қайта өткелі отыр. Қытайда осымен 3- рет, ал Харбин қаласында 2-рет ұйымдастырылады. Аталмыш қалада өтетін сары құрлық бәсекесі жерлестерімізге таңсық емес. Себебі Қазақстан өзі қатысқан алғашқы қысқы азия ойындарын дәл осы Харбинде өткізіп, жалпы командалық есепте 2-орын алған.
Жандос Айтбайұлы, сарапшы:
- Одан кейін енді нәтиже төмендей берді. Дегенмен алғашқы бестіктен түскен жоқпыз. Осы жолы да бестіктен көрінеміз деген ойдамыз. Өйткені Жапония мен Корея, Қытай демесеңіз Қазақстан спортшыларына қарсы тұратын басқа елдің спортшыларын көріп тұрған жоқпыз. Оңтүстік кореялықтар да бар бізге шорт-тректен дес бермейді. Енді бұрындары бізге медальді көбіне шаңғышылар алып келетін. Мысалы Николай Чебатко, Оксана Ятская сынды шаңғышы қыз-жігіттеріміз қос-қостан жүлде алса, соңғы жылдары шаңғышыларымыздың кереметтей нәтижесін көре алмай жүрміз. Осы жолы кім біледі жастар жарқ ете қалатын шығар.
Отандастарымыз қысқы азия ойындарының тархында барлығы 196 медаль жеңіп алған. Оның 78-і алтын болса, 62-сі күміс, 56-сы қола. Ең үздік көрсеткіш 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен 7-ші қысқы Азия ойындарында тіркелді. Ол кезде жерлестеріміз 32 алтын, 21 күміс, 17 қола иеленіп, жалпы командалық есепте топ жарды. Екінші орынға Жапония жайғасса, үздік үштіктен Оңтүстік Корея көрінген еді.
Тұрлыжан Әйтенов, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің маманы:
- Енді Харбиндегі алдағы 7 – 14 аралығында өтетін ойындарда Қазақстан құрамасы кем дегенде жүлделі орындардан көрінеді деген сенім бар. Оны жарыс көрсетеді. Қай спорт түрлерінен алтын көп түсуі мүмкін? – Енді дәстүр бойынша шаңғы спорт түрлерінде өте жақсы өнер көрсетеміз. Былай тарихқа көз жүгіртсек шаңғы, биатлон, конькимен жүгіру спортының өкілдері қоржынға алтын, күміс, қола медальдарді салып жүр.
Харбинге ел атынан спорттың 6 түрінен 137 атлет барады. Қазір отандастарымыздың алғашқы легі Қытай еліне жетіп, дайындықтарын пысықтап жатыр. Жарыстың ашылуында еліміздің көк туын хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт трек шебері Ольга Тихонова ұстап шығады.
Жандос Айтбайұлы, сарапшы:
- Жалпы осы жолы кімнен үміт күтеміз. Әрине бірінші кезекте кеше ғана Алматыда жасөспірімдер арасындағы фристайлдан могул және акробатикадан әлем чемпионаты өтіп жатыр ғой сол жерде Анастасия Городко 1 емес 2 бірдей жүлде алды. Параллелді могулда және могулда. Сол могул фристайлдың акробатика түрінен жүлде алуымыз мүмкін сосын шорт-трек шеберлері. Сол секілді биатлоншы жігіттер бар Бекентай Тұрлыбеков секілді. Осы Азия ойындарына барып қалып жатса сол жігіттер жүлде алып келуі мүмкін.
Тұрлыжан Әйтенов, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің маманы:
- Көбі ойлайды шорт-тректен медальді үйіп алып жүрміз деп. Бірақ қоладан аспағанбыз. Бұл жолы алтын болады деген үмітіміз бар. Өйткені 2024 жылы тұңғыш рет Денис Никиша әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Бұл өте жоғары жетісті. Қалған Әділ Ғалияхметов сияқты.
Бұл жолғы жарыс алауының факелі “Серпін” деп аталады. Бәсекенің бойтұмары Бинбин мен Нини есімді Сібір жолбарыстары. Ал эмблемада қысқы спорттың бірегейлігі мен рухы бейнеленген.
Мерей Қанапия, Ғалымжан Абдулахат