Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Азия ойындарын сәтті бастады

Қытайдың Харбин қаласындағы Азия ойындарында керлингтен аралас жұптар арасында жарыстар басталды, деп хабарлайды 24kz.

Жерлестеріміз алғашқы кездесуін Қытай құрамасына қарсы өткізді.

Бұл бағдарламада ел намысын Әмина Сейітжанова мен Азизбек Надирбаев қорғайды. Кеше қос спортшымыз топтық кезеңдегі алғашқы матчында алаң қожайындарымен кездесіп, 5:11 есебімен есе жіберді.

 

Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Қытайдың Харбин қаласында басталған IX қысқы Азия ойындарында жерлестеріміз топтық кезеңдегі алғашқы ойынын Таиланд құрамасына қарсы өткізді. Кездесудің 1-кезеңінде, отандастарымыз ойын тізгінін бірден қолға алып, қарсылас қақпасына 4 гол соқты. 2-кезеңде, Таиланд қорғанысты күшейтіп, жерлестеріміз тек 2 гол ғана соқты. Соңғы кезеңде ұлттық құрама ойыншылары жауапсыз 6 шайба соғып, есеп айырмасын ұлғайта түсті. Қорытынды есеп: 12:0.

Айта кетейік Қазақстан ерлер құрамасы А тобында сынға түсіп жатыр. Онда Таиландтан бөлек, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Тайвань құрамалары бар. Жерлестеріміздің ендігі қарсыласы – Қытай құрамасы. Алаң қожайындарына қарсы ойын бүгін сағат 17:00 де өтеді.

 

Хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізді

Хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізді. Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында бұрымдыларымыз осыған дейін Гонконгты тізе бүктірсе, кеше Таиландпен кездесті. Үш кезең қорытындысы бойынша қыздарымыз қарсылас қақпасына жауапсыз 9 гол соғып, жеңіске жетті. Жерлестеріміз келесі ойынын 6 ақпан күні Тайвань құрамасына қарсы өткізеді.

 

ҚХЛ: «Барыс» «Адмиралға» есе жіберді

Барыс тағы да жеңіліп қалды. Елордалық клуб құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейдің «Адмирал» командасына қарсы өткізді. Кездесу барысында Барыс қақпасына қатарынан 3 шайбаны жіберіп алды. Артынша қателікті жуып-шайып 3 голмен жауап қайырды. Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Қосымша уақытта Адмирал жеңіс голын соғып, ойын тағдырын өз пайдаларына шешті. Енді елордалық клуб алдағы бес ойынын өз алаңында өткізеді. Алдымен 13 ақпанда Ресейдің СКА командасын қабылдаса, одан кейін 15 ақпанда «Лада», 17 ақпанда «Металлург», 20 ақпанда «Северсталь», 22 ақпанда «Адмирал» командасымен  кездеседі.

 

Волейболдан ел чемпионатының төртінші туры басталады

Бүгін Талдықорғанда волейболдан әйелдер арасындағы ел чемпионатының төртінші туры басталады. Үш турдың нәтижесі бойынша турнир кестесінде «Жетісу» 58 ұпаймен көш бастап келеді. Талдықорғандықтар осы жолы өз алаңында да ұпай қорын толықтыруға тырысатыны анық. Екінші орындағы өскемендік Берел Жетісудан үш-ақ ұпаймен қалып келеді. Чемпионатта алғашқы екі орынды иеленген командалар бірден жартылай финалға жолдама алады. Бұған қос командадан басқасының қол жеткізуі екіталай. Дегенмен, төртінші турдың алғашқы күні-ақ кездесу тартысқа толы болмақ. Өскемендіктер турнирлік сатыда үшінші орында тұрған Қуанышпен шеберлік байқасса, талдықорғандықтар өткен жылғы ел чемпионы Тұранды қабылдайды. Сондай-ақ «Грация KZ» – «Ақтөбе», «Ертіс» – «Алматы», «Ару-Астана» – «Қарағанды» командалары өзара кездеседі. Клубтар осы турда плей-офф кезеңіне шығуға мүмкіндік беретін үздік сегіздікке ілігу үшін барын салады.