Биыл мұғалімдердің тамыз конференциясы ерекше форматта өтті
Жиырма өңірде оқу-ағарту ісіне қатысты 20 түрлі түйткіл талқыға салынды.
Мәселен, Қостанайда «инклюзивті және арнайы білім беру» тақырыбы сөз болды. Жиынға Қазақстанның барлық облыстарынан мыңға жуық сала маманы қатысты.
Инклюзивті білім беру мәселесі Қостанайда талқылануы тегін емес. Өйткені бұл өңірде ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар атап өтуге тұрарлық.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды қолдау үшін оңалту орталығы жұмыс істейді Рудный қаласында. Онда мыңнан астам балаға көмек көрсетіледі. Ағымдағы жылы қамқорлық жобасы шеңберінде 125 балаға арналған орталығының ашылуы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Екі күн бойы панельдік және секциялық сессияларда педагогтар кәсіптік, қосымша, инклюзивті білім беру, балалардың құқықтарын қорғау тақырыбында пікір алмасты.
Лаура Бұтабаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті білім беру басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда 188 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі балалар бізде бар. Соларға сапалы білімді қолжетімді ету бойынша – ол балаларға арнайы психологиялық қолдау көрсету, білім беру ұйымдарында осы балаларға инклюзивтік білім беру жағдайы, біздің кадрлардың дайындығы туралы көптеген мәселелер қозғалатын болады.
Ерекше білім алуды қажет ететін балалармен жұмыс істеуде әр өңірдің өзіндік тәжірибесі бар. Мысалы Қызылорда облысында осы мақсатта арнайы жол картасы қабылданған.
Шолпан Жүнісова, Қызылорда облыстық балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы:
- Жол карта аясында мектеп және балабақшаларда, яғни мемлекеттік білім беру ұйымдарында инклюзивті қолдау кабинеттері ашылды. Сонымен қатар маңыздының бірі пән мұғалімдеріне арнайы курстан өткізу. Осыған орай осы жол картасы аясында 20 мыңнан астам мұғалімдерді осындай курстан өткіздік.
Елімізде мектеп аясында ерекше қажеттілігі бар балаларды оқытатын 21 ресурстық орталық бар. Олардың санын әлі де көбейту мақсаты тұр. Сондай-ақ осындай балаларға білім беретін педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше мән берілмек.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров