Қызылқоға ауданында егіншілікті қолға алған отбасы тұрады

Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданында егіншілікті қолға алып, отбасымен төгілген тердің жемісін терген Амандық Ықсанов деген шаруа тұрады.

Еңбекқор отбасы еккен қауын-қарбызды ауылдастары асыға күтеді. Себебі, құнарлы топырақта өскен өнімнің дәмі тіл үйіріп, шаруаның атын алысқа жайып жүр. Жалпы былтырдан бері малды өңір егіс шаруашылығына ден қоя бастады. Биыл қызылқоғалықтар 50 гектар жерге дән сіңірген еді. Қазір қырман қызып, жергілікті өнім тұтынушы дастарханына жетті.

Бұл - 5 гектар алқапта Ықсановтар отбасының жаз бойғы еңбегі жатыр. Ілкіде егіншілікті кәсіп етпейтін ауылдастары үшін Амандықтың тірлігі тосын көрінген. Енді теңкиген қара ала қарбыз бен бабымен піскен сары қауындар көптің көңілінен шығып жатыр. «Көкше байлық-бір айлық» деген, жиын-терімге Ықсановтар отбасының бала шағасы да жұмыла кіріскен.  

Әлима Қазиева, Амандықтың жұбайы:
- Басында әрине, қиыншылықтар болды. Оны жеңе білдік. Қазір шүкір, мына балаларым-немерелерім бәрі қасымызда. Осындай жетістікке жеттік. 7-8 түрлі өніміміз бар осы жерде. Шүкір, бәрі де жақсы, қиыншылықтың артының жақсылығы оралып жатыр.

Амандықтың әкесі Сүйеу де егінші болған адам екен. Бірақ өңірдегі жалғыз су көзі – Ойыл өзені ұзақ жылдар құрғап қалып, Сүйеу қарт сынды диқандар ата кәсіптен алшақтап кеткен. Енді екі жылдан бері өзен арнасы қайта толып, ауылдықтар егіншілікті жандандыруда. Қазір әулетке қарасты 5 ересек, 7 бала қос басында жүр.

Амандық Ықсанов, шаруа:
- Әкемізден көргенімізді жалғастырып жатқан жағдайымыз бар. Ең бірінші еңбек керек. Су керек. Бұл жерде бізге ең қиын мәселе су келмей қалады. Арасында үзіліп қалады суымыз, сол кезде салмай қаламыз. Осыған кеткен шығынды ақтайды, еңбек етсең ақтайды ғой. Көрші-көлем бар, бәріміз жабылып игеріп жатқан жағдайымыз бар.

Былтыр Амандықтың жетекшілігімен Миялы, Жангелдин ауылдарының тұрғындары  20 гектар алқаптан 100 тонна картоп, 130 тонна көкөніс пен 110 тоннадан астам бақша өнімін жинапты. Енді ауылдықтар жер телімін алып, шаруа қожалықтарын ашуды қолға алмақ.

Әділет Шаймарданов, аудандық жер қатынастары және АШБ сектор меңгерушісі:
- Осы дәстүрді жалғастыру мақсатында биыл 65 гектар жерді конкурсқа шығардық. Ол конкурс өтіп, қазір аудан тұрғындары жер телімдерін заңдастырып жатыр. Оның пайдасы жер заңдастырған жағдайда мемлекет тарапынан бөлінетін қолдауларды алуға мүмкіндік бар.

Іс бастаймын дегенге қолдау жеткілікті. Мысалы, егіншілер үшін тұқым мен тыңайтқышқа кеткен шығынының 50 пайызын мемлекет субсидиялайды. Биыл Атырау облысы бойынша «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен несие беруге 1,5 млрд-тан астам қаражат бөлінді. Бұл – Амандық секілді кәсібін енді қолға алған еңбек адамдары үшін таптырмас мүмкіндік.

Авторлары:Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин