Атырауда «Сармат» мамандандырылған мектебі ашылды
Атырауда бүгін «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
300 орындық білім ошағында жаратылыстану-математика бағытын тереңдетіп оқытып қана қоймай, оқушылар әскери-бейіндік пәндер бойынша да білім алады. Жаңа мектептің ашылуына облыс әкімінің орынбасары, білім басқармасының басшысы мен әскери қызметшілер қатысты.
Бүгін 150 оқушы жаңа мектептің табалдырығын аттады. Бұл білім ошағы басқалардан өзгерек. Өйткені мұндағы әр оқушыға әскери-бейіндік пәндер бойынша білім береді. Жаратылыстану-математика бағытында тереңдетіп оқытады. Мектеп заманауи құрылғылармен жабдықталған. Әскери қызметке қызыққан оқушылардың арасында аудандардан келгендер де бар.
Аян Сәулетов, оқушы:
- Мен мұнда Махамбет ауданы Жалғансай ауылынан келдім. Бұл мектеп тереңдетіп оқытады. Мұнда спорт нормативтерінен емтихан тапсырдым. Сол арқылы іріктеуден өттім. Осы мектепте 9-сыныпта оқимын.
Мектептің жанында 300 орындық жатақханасы бар. Оқушылар 5 мезгіл тамақтанады. Барлық жағдай жасалған. Балаларға осындай мүмкіндік берілгеніне ата-аналар да дән риза.
Қалампыр Халидуллина, Исатай ауданының тұрғыны:
- Алғашқы немеремді алып келіп, осы мектепке табыстап жатырмын. Балаларымыздың болашақта Отанын қорғайтын азамат болып, патриоттық тәрбие алып, білім алып шығатын үлкен мектеп екен.
Мектеп әзірге 7, 8 және 9-сынып оқушыларын оқытады. Алдағы уақытта 11-сыныпқа дейін қабылдаймыз, - дейді мектеп директоры. Мұнда алғашқы әскери дайындық курсы, спорт және ән-би үйірмелері бар.
Нұрлан Елеуов, «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры:
- «Сармат» мамандандырылған мектеп-интернаты – өңірдегі баламасы жоқ білім ошағы. Мұнда оқушыларға жоғары білім беріп, нағыз патриоттарды тәрбиелеп шығарамыз. Әзірге 150 баланы қабылдадық. Олар жатақханада жатып оқиды.
Білім ошағында 14 мұғалім жұмыс істейді. Одан бөлек, әскери қызметшілер келіп, оқушыларға дәріс оқиды.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев.