Қосшыда заманауи мектеп қолданысқа берілді
Бүгін елде жаңадан 39 мектеп қолданысқа берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Соның бірі елорда іргесіндегі Қосшы қаласында орналасқан. Ерекшелігі сол, оған қазынадан қаржы шығындалған жоқ. Яғни, Болат Өтемұратов қорының «Верный Капитал» компаниясы толықтай салып, жергілікті оқушылардың игілігіне берді. Жоба құны – 7,5 миллиард теңге.
Қосшы қаласындағы мектеп 1,5 мың оқушыға арналған. Яғни, 2 ауысымда 3000 бала білім ала алады. Айта кету керек, бұл – «Жайлы мектеп» ұлттық жоба стандарттарына сай салынған еліміздегі алғашқы оқу орны. Ол бір-ақ жылдың ішінде бой көтеріп, толықтай мемлекетке тапсырылды.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Осындай мемлекетшіл азаматтардың мектепті өз қаржыларына соғып, мемлекетке табыстауы мынадай 3 ауысымды мектептердің тезірек жойылуына үлкен үлес қосып отыр. Бұл мәселе жобалы түрде, жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Сондықтан, жаңа айтып кеткендей, 2025-2026 жылға дейін өз шешімін табады.
3 қабатты білім ордасы 18 мыңға жуық шаршы метрді алып жатыр. Оны жобалау кезінде интерактивті медиа сыныптарын, физика, химия және биология зертханаларын, шеберханаларды, компьютерлік сыныптарды, робототехника мен 3D модельдеу студияларын, тіпті виртуалды көлік жүргізу кабинеттерін де жасауға ерекше көңіл бөлінді.
Ерлан Оспанов, «Верный Капитал» компаниясының бас директоры:
- Біз соңғы технологияларды пайдалану арқылы жайлы, қауіпсіз және сапалы білім ордасын салдық. Бұнда оқыту жұмыстарымен қатар балалардың шығармашылығын жетілдіруге де ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, металл және ағаш өңдеу шеберханасы, қыш және бейнелеу өнері бөлмелері, тіпті тігін кабинеттері де бар. Бұған қоса арнайы коворкинг-аймақтар қарастырылған.
«Верный Капитал» компаниясы білім саласына инвестиция құюын ары қарай да жалғастырады. Мәселен, қазір Шелек пен Есік елдімендерінде әрқайсысы 900 адамға арналған қос мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Авторлары: Аслан Қаженов, Диас Қобыланбаев.