Жамбыл облысы Шоқай ауылында жаңа оқу ордасы ашылды

Жамбыл облысында 25 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Он 4-і жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Солардың бірі Білім күнінде ашылды. Жамбыл ауданы Шоқай ауылындағы білім ошағы 150 орынға шақталған.

Бүгін Шоқай ауылының тұрғындары мен оқушыларына ерекше күн. Ауылда жаңа мектеп қолданысқа берілді. Бұған дейін балалар 1966 жылы салынған  шағын мектепте оқитын. 80 орындық ғимаратта 200 бала оқуға мәжбүр болды. Енді, міне, жаңа оқу жылында оқушылар жаңа мектепте кірді.

Жандос Досқожа, мектеп директоры:

- Мектебіміз заманауи үлгіде жабдықталған 14 пән кабинеттерімен жабдықталған. Сонымен қоса 2 лингофонды кабинет, 2 шеберханамыз бар. Ұлдар, қыздар бөлінеді. Акт залы, спорт залы және асханмен жабдықталған.

Оқу ордасында балалар ұлттық ойынмен айналыса алады. Сонымен қоса үзілісте шахмат ойнап, коворкинг алаңдарында демалуға мүмкіндік жасалған. Мектепті мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған лифт жұмыс істеп тұр.

Күлжар Есмұрзаева, Шоқай ауылының тұрғыны:

- Балалардың қуанышында шек жоқ. Барлығы қуанып, жаңа мектепке велосипедпен келіп көріп жүрген балаларды өз көзіммен көрдім. Өйткені шыдай алмай, мен де кіріп көрдім.

Дәурен Қансейіт, оқушы:

- Көптеген ноутбуктар бар, аудиодисктерді де тыңдай аламыз. Барлық жағдай жасалған. Қаланың мектептерімен тең. Біз де сол мектепке сай, оқушылар да қаланың оқушылары секілді мықты білім алып, өзімізді көрсетеміз.

Жаңа ашылған білім ордасына облыс әкімдігі тарапынан 10 ноутбук сыйға тартылды. Жылпы аймақта биыл 25 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оған қоса келер жылдары жайлы мектептер де салынбақ.

Нұржан Календеров, облыс әкімінің орынбасары:

- 12 жайлы мектептің құрылысын жүргізуге шешім қабылданған. Оның жетеуі биыл басталады. Бесеуі ендігі жылы басталады. 17 мектептің 4,5 миллиард теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні жалпы оқу жылына толығымен дайынбыз деп айтуға болады.

Биыл аймақтағы 446 мектепке 251 мыңнан аса оқушы барды. Оның 22 мыңы – 1-сыныпқа аяқ басқан бүлдіршіндер.

Айта кетерлігі, биылдан бастап 1-4 сынып оқушылары толыққанды ыстық тамақпен қамтылады. Оған облыстық бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінді.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев.