KazakhExport пен ForteBank өндірушілерді қолдайды
«KazakhExport» ұлттық экспорттық сақтандыру компаниясы мен ForteBank отандық өнім өңдейтін өнеркәсіптерді қолдайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Екі тарап халықаралық сауданы дамытуға және қазақстандық өнімге сұранысты ынталандыруға бағытталған стратегиялық келісімге қол қойды. Бұл экспортқа тауар шығаратын бизнес иелеріне барынша жағдай жасау мақсатында қолға алынды.
Енді экспортқа тауар шығаратын қазақстандық кәсіпкерлер сатылымды бірнеше есе көбейте алады. Бұл жерде олар ешқандай тәуекелге бармайды. «KazakhExport» пен ForteBank компаниялары өте тиімді құрал ұсынып отыр. Яғни, екі жақ аккредитивтерді сақтандыру мен экспорттық сауданы қаржыландыру бойынша шартты банктік салымдар туралы келісімге келді. Соның нәтижесінде шетелдік сатып алушыларға Қазақстанда шығарылған өнімді тиімді шарттармен қарызға алуына мүмкіндік туды.
Қуаныш Мұқажанов, «KazakhExport» ЭСК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Айта кетейік, оған қоса экспорттаушылар тауарын жөнелткеннен кейін олардың шотына бірден төлем түседі. Яғни, бәрі ашық көре алады. Бұдан былай да ForteBank халықаралық факторинг, қарыздарды сақтандыру, валюталық мәмілелерді сақтандыру, банктік кепілдіктерді сақтандыру сияқты басқа да бағдарламаларға қатысып, біздің институтпен іскерлік байланысты жалғастырады деген сенімдеміз.
Қос тарап өкілдерінің айтуынша, бұл келісім экспортқа бағдарланған отандық өндірісті, сондай-ақ жалпы бизнесті дамытуға ықпал етеді. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдалануға шақырады.
Еркін Үдербай, ForteBank қоғаммен байланыс жөніндегі директоры:
- ForteBank клиентетрі «KazakhExport» компаниясының инструменттерін қолдана алады. Ол инструменттердің маңызы, мәні, экспортер компаниялар өздерінің жіберген тауарларына қосымша кепілдік алып, ол тауарларына төлем алатынына кепіл береді.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдан бастап, KazakhExport 870 млрд теңгеден астам сомаға 200-ден астам экспорттаушыға қолдау көрсетті.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев.