Таразда азаматтық форум өтті
Биыл Жамбыл облысында үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен 140-тан аса жоба жүзеге асып жатыр.
Бұл жайында Таразда өткен өңірлік азаматтық форумда айтылды. «Мемлекет. Қоғам. Бизнес. Әділетті қоғамды құрудағы әріптестік» тақырыбында өткен жиынға, түрлі сала өкілдері қатысып өзекті мәселелерді талқылады.
Бүгінде азаматтық қоғам өкілдері мемлекеттің көмекшісіне айналды деуге болады. Қоғамдағы мәселені көтеріп, шешу жолын ұсынып жүргендер де – осы бірлестік өкілдері. Жамбыл облысында 878 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 200-ге жуығы белсенді жұмыс істейді. 11-ші рет өтіп отырған келелі кездесуде сол сала өкілдері өз ұсыныстарын ортаға салды.
Маржан Елуқұлова, Республикалық эксперттер мен кеңесшілер қоғамдық бірлестігінің президенті:
- Жастар бар, жасөспірімдер бар, ол жақтан болсын жаңағы сарбаздарға байланысты болсын, мемлекеттік қызметкердің этикалық бейнесі болсын, жалпы отбасы болсын – осының барлығын түгел мәселе ретінде көтеріп отырмыз.
Үкіметтік емес ұйымдар халықтың өкілдері, - дейді азаматтық альянс президенті. Сондықтан форум барысында айтылған ұсыныс тілектер ескерусіз қалмайды. «Жол картасы» жасалып, ұсыныстардың орындалуы 2 жыл бойы қадағаланады.
Бану Нұрғазиева, Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті:
- 5 күн уақыт береміз. Соның бәрін жаңағы тағы бір қарап шығып, ешкімнің ұсынымы қалып қалмасын деп. Сосын ол ұсынымдарды біз екінші кезеңде біз министрліктерде тақырыпқа сай сол жерде қараймыз.
Былтыр аймақта 140-тан аса әлеуметтік жоба іске асты. Үкіметтік емес ұйымдарға биыл да көңіл бөлінеді, - дейді облыс әкімі.
Ербол Қарашөкеев, облыс әкімі:
- Өздерінің азаматтық пікірін білдіріп, өңірде, республикада атқарылып жатқан оңды бастамаларға проблемалық мәселелердің шешу жолында бірлесе жұмыс жасауы жөн деп санаймыз. Біз әрқашан азаматтық қоғам бастамаларына, тың идеяларына қолдау көрсетуге дайынбыз.
Енді «Казфосфат» серіктестігі мен «Талас Инвест» зауыты үкіметтік емес ұйымдарға жыл сайын қолдау көрсетеді. Сонымен қоса гранттарға қаржы қарастырып, маңызды жобаларды қаржыландыратын болады. Осы мақсатта 3 жақты меморандумға қол қойылды.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан.