ШҚО-да жемқорлық тәуекелдері жіті бақыланады
Мемлекет қазынасынан бөлінген әрбір тиын тиімді жұмсалуға тиіс.
Мұны жұртшылықпен бірге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары жіті бақылауда ұстайды. Қазір агенттіктің Шығыс Қазақстан облысындағы қызметкерлері Бұқтырма су қоймасының екі жағын жалғайтын елдегі ең ұзын көпірдің құрылысына бөлінген қаржының игерілуін қадағалап отыр. Сондай-ақ Риддердегі «Жылу электр орталығын» жөндеу барысын басты назарға алған.
Ауқымды құрылыс, кәсіпкерлік және инфрақұрылымдық жобалар. Шығыс Қазақстанда жемқорлық тәуекелдері жиі кездесетін салалардың көш басында осылар тұр. Индустриялық аймақ саналатын өңірде мұндайға жол беруге болмайды. Мәселен, биыл Риддердегі «Жылу электр орталығын» жөндеуге үкімет резервінен 8 миллиард теңге инвестиция құйылды. Оның тиімді жұмсалуын Жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары жіті бақылауда ұстайды. Шығыс Қазақстан облысынің әкімі Ермек Көшербаев өңір үшін стратегиялық маңызы бар мұндай жобалар жан-жақты қадағалауда болуы керек деді.
Ермек Көшербаев, облыс әкімі:
- Жемқорлықты жою үшін түрлі жобалар іске асып жатыр. Соның бірі біз барлық құқық қорғау органдарының басын қосып, кеңес құрдық. Ол жөндеу жұмыстары кезінде күдік тудыратын әрекеттер байқалса, бірден ескерту жасап отырады.
Жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарынің бастамасымен өңірде қордаланған мәселенің тағы бірі оң шешімін тапты. Яғни, «Тыныс алу жолдарының химиялық күйігі» диагнозы аурулар тізіліміне қайта қосылды.
Асхат Жұмағали, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
- Денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп, біздің ұсынысымыз бойынша осы диагнозды, атап айтқанда, тыныс алу жолдарының химиялық күйігін тізілімге қайтардық, бұл диагнозды дұрыс анықтауға және оған дұрыс ем жүргізуге мүмкіндік берді.
Қазір мамандар «Жемқорлар реестрін» жасау бастамасын көтеріп жатыр. Оған енген азаматтардың аты-жөні сот шешімімен жалпыға жарияланады. Алдағы уақытта ұсыныс Мәжілісте талқыланбақ. Бұған қоса жемқорлықпен күрес құқықтық алаңда да жалғасады.
Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.