Ақтаудың жылу желісі толық жаңартылады
Ақтауда жылу желілері толық жаңартылады.
Тозған құбырларды ауыстыру-монтаж жұмыстары қаланың бес ауданында кезең-кезеңімен жүреді. Бұл жайында тұрғындармен кездесуде қала басшысы Ұлықбек Тіналиев айтты. Жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты. Кездесуде қоғамдық көлік паркін жаңалау, жұмыссыздықпен күрес, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары таныстырылды.
Ақтау әкімінің есепті кездесуіне келген адам қарасы қалың. Тұрғындарды жазда ауыз су, қыста жылудың жетіспеушілігі мазалайды. Шаһар басшысына қойылған сауалдың дені осы бағытта болды. Абыл Өтемағанбетов 2019 жылы 17-шағын ауданға қоныс аударған. «Жаңа үйде тұрсақ та, күн суықта электр жылытқыш қосып отырмыз» - дейді ол.
Абыл Өтемағанбетов, қала тұрғыны:
- Көшіп келгеніме міне биыл төртінші қыс. Үш қыс бойы жылусыз отырдық. Бірақ үй орталық жылуға қосылған. Биыл тағы пеш сатып алатын шығармын. Үйде үш тоқ пеш бар қазір.
Ақтау әкімі коммуналдық сала мамандарына көпқабатты үйлерді жылытатын қазандықты тез арада қалпына келтіруді тапсырды. Жалпы Ақтауда 438 шақырым жылу желісі бар. Соның 72%-і тозған. Сондай-ақ ұзындығы 464 шақырымдық су желісінің 88 пайызы ауыстыруды қажет етеді. «Қазір үш шағын ауданда жылу құбырлары ауыстырылып жатыр. Осылайша, жұмыс кезең-кезеңімен жалғаса береді. Қалада 9 модульді жылу қазандықтары орнатылды» - деді өңір басшысы.
Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:
- Жылдар бойы қордаланып қалған мәселелер бар. Баяндамасында айтылғандай қала әкімінің, мұның барлығының шешім жолдары бар. Жоспар жасақталды. Жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Қалай шешеміз, негізі анықталды. Қажет қаражат көздері іздестіруде. Бұл республикалық бюджеттен, облыстық және қала бюджетінен бөлінген және де демеушілердің қаражатын қолданумен шешілетін мәселелер.
Биыл Ақтауда орталық жылу бекетінің құрылысы басталады. №2 орталық сумен жабдықтау торабынан бекетке дейін 4,3 шақырымдық жылу желісі тартылады. Қазір бір шақырымдай бөлігіне құбыр төселіп тұр. Бұдан бөлек жоғары шағын аудандарға жылу беретін қолданыстағы құбыр диаметрін үлкейту жұмыстары осы жылы аяқталады.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев