Жетісу облысында қант қызылшасы мен құрағы бірге өңделеді

Жетісу облысындағы Ақсу қант зауыты қант қызылшасы мен құрағын бірге өңдей бастады.

Ерекше технология еліміз бойынша алғаш рет өндіріске енгізілді. Зауыт жаңғыртылып, заманауи жадбықтар орнатылды.

Зауытта күніне 2 мың тонна тәтті түбір мен 70 тонна қант құрағы қайнатылады. Алынған сұйықтық ортақ құрылғыға құйылып, бірге өңделеді. Тың тәсілдің экономикалық тұрғыда тиімділігі мол.

Бейбіт Немеребаев, бас инженер:

- Бұндай технологиялның артықшылығы, уақыт үнемдеуі, біріншіден. Екіншіден, мазут, жылу эконом, тас, одан кейін антрацит – соның бәрін үнемдейміз осының арқасында. Бұрынғы кезде Қазақстанда қант құрағын жеке өңдеп, 10-15 күн тоқтап, қызылшаға көшетін.

Өндіріс орны бұрын 2 кезеңдік өңдеу технологиясымен жұмыс істейтін. Техника жаңартылған соң қант қызылшасы 3 мәрте өңдеуден өткізілетін болды. Нәтижесінде өнім сапасы жақсарып, бір айда 2 мың тонна шекер шығарылды, - дейді саладағылар.

Самат Надырбаев, Ақсу қант зауытының бас директоры:

- Қабылдап жатқан қылшаның 85 мың тонна келді. 120 мың тонна қылша қабылдаймыз деп күтіп отырмыз және біздің өзіміздің алып келген 3 мың тонна қант құрағы бар. Сонымен жұмыс істеп жатырмыз.

Өндірістегі қалдық та сықпа ретінде кәдеге жаратылады. Мал азығы арнайы құрылғыда оралып, шаруаларға сатыла бастады. Сонымен қатар қант қызылшасы да тоқтаусыз қабылданып жатыр. Кәсіпорын жылына 450 мың тонна тәтті түбір мен 80 мың тонна қант құрағын өңдей алады. Егер шикізат жеткілікті болса, зауыт 9 ай бойы тоқтаусыз жұмыс істемек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.