Түркістан облысында 4 елді мекенге табиғи газ тартылды

Осылайша, Төле би ауданының халқы көгілдір отынмен толық қамтылып, өркениет игілігіне қол жеткізді.

Көмір жағып, күл шығару машақатынан құтылған тұтынушылардың қуанышына «QazaqGaz» ұлттық компаниясына еншілес «ҚазТрансГаз Аймақ» кәсіпорнының басшысы мен облыс әкімі куә болды.

Қасқасу ауылдық округіне қарасты 4 елді мекенді табиғи газға қосу салтанатты жағдайда өтті. Ірі жобаның арқасында Төле би ауданындағы газбен қамтылған ауылдардың үлесі 100%-ке жетті.

Лесбек Серікбаев, Төле би ауданы әкімінің орынбасары:

- Орта қысымды газ құбырларында қазір газ бар. Қысым астында тұр. Бүгінгі күнге 1021 абоненттің 579 тұтынушысы техникалық шарт алып, инженерлік техникалық құжаттары әзірленіп, үйлеріне ішкі газ құбырлары тартылып қойды.

Көгілдір отынға қол жеткізгендердің бірі – Құдайбергеновтер отбасы. Енді олар таулы аймақтың қаһарлы қысынан қысылмай, көмір тасып әбігерге түспейді. Қазаны асулы, шайы қайнап тұр. Газ мамандарына айтар алғысы шексіз.

Алтынай Құдайбергенова, Қасқасу ауылының тұрғыны:

- Қасқасу ауылында қыс өте қатты болады. Осы үйдің пешіне тамағымызды, шайымызды істеп келдік. Әсіресе қыстыгүні өте қиын. Енді, міне, бүгіннен бастап көгілдір отын келіп отыр. Өте қуаныштымыз.

Қасқасу мен Жоғарғы Қасқасу, Керегетас және Кеңесарық ауылдарына газ жүйесін тарту жұмыстары 2021 жылы басталды. Жобаға республикалық және облыстық бюджеттен 723 миллион теңге бөлінді. Мыңнан аса абонентті көгілдір отынға қосу үшін «Зертас» станциясынан 65 шақырымнан аса құбыр тартылып, 3 бірдей газ реттеуіш бекеті салынды.

Бауыржан Асқаров, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры:

- Бүгін баршамыз қатысып отырмыз. Төле би ауданы 55 елді мекен болса, сол 55 елді мекенді 100% газдандырып, үлкен мәселені шешіп жатырмыз. Бүгінгі таңда жалпы Түркістан облысы бойынша 57% елді мекен газдандырылған. Бас схема бар газификация жөнінде, сол бойынша қарқынды жұмыс жасалып жатыр.

Түркістан облысы бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы 250 мыңдай абонентке қызмет көрсетеді. Бүгінде аймақтардағы 12 газ шаруашылығының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Сала мамандары тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуге бағытталған құрылысты жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.