Жезқазғанда демеушілер есебінен 12 үйге газ тартылады
Жезқазғандағы Қабанбай батыр ықшамауданы биыл толығымен газға көшеді.
Қазірдің өзінде елді мекендегі 200-ден аса үй көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ал табиғи газға қосылуға мүмкіндігі жоқ 12 отбасының үйлеріне «Шұбаркөл Премиум» компаниясының демеушілігімен газ тартылып жатыр. Бұл игі іс «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бастамасымен жүзеге асып отыр.
Баян Сейітжапбарова облыстық ауруханада медбике болып еңбек етеді. Жолдасы жұмысқа жарамсыз. Ал көгілдір отынды үйге кіргізу үшін газ жабдықтарын алу, құбыр жүргізетін жеке мердігердің жұмысына төлеу сияқты шығындарға 700 мың теңгедей қажет. Өзінің азын-аулақ еңбекақысы күнделікті тірліктен артылмайды. Күздің қара суығында жылусыз отырған отбасына «Шұбаркөл Премиум» және «ҚазТрансГазАймақ» мекемелері көмекке келді.
Баян Сейітжапбарова, Қабанбай батыр ықшамауданының тұрғыны:
- Өзімізде мүмкіндік болмады, Иә, жан-жақтан қоңыраулар шалып, немен қыстайсыздар, не жылытасыздар, қандай көмек керек деп спонсор табылып. 16-сы күні қойып берді. Амандық болса, үйімізге газ келеді деп отырмыз.
Қаржылық қиындықтарға байланысты қарашаға дейін газға қолы жетпеген тұрғынның бірі – Галина Форш. Зейнеткер жалғыз немересімен тұрады.
Галина Форш, Қабанбай батыр ықшамауданының тұрғыны:
- Немерем әскерден енді келді. Өзімнің де зейнетақым төмен. Қамқорлық танытқан азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
«ҚазТрансГаз Аймақтың» ұсынысымен «Шұбаркөл Премиум» АҚ осындай 12 үйге газ құбырын тегін тартуға қаржы бөлді. Құбырларды жүргізу және құжаттарды рәсімдеу жұмыстары толық аяқтады.
Манас Баймамыров, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өңірлік филиалының бөлім басшысы:
- «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бастамасымен, «Шұбаркөл Премиум» АҚ-ның толық демеуімен бүгінгі күнде жаңағы әлеуметтік осал топқа жататын 12 үйге газ тартылып жатыр.
Бұған дейін көмірмен жағылатын орталықтандырылған жылу желісіне қосылған Қабанбай батыр ауылы қазандық ескірген соң биылдан бастап толықтай газға көше бастады. Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы еліміз бойынша тағы да 50 үйді газдандыру үшін демеушілерді тарту бағытында жұмыс жасап жатыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.