Ақмола облысының Балкашино ауылында өнер мектебі ашылды
Ақмола облысы Сандықтау ауданының орталығы Балкашино ауылында балаларға арналған өнер орталығы ашылды.
Екі қабатты нысан бір ай бұрын пайдалануға берілді. Өнерлі өрендер бұған дейін жер үйдің бір бөлмесінде дайындалып жүрді. Заманауи қондырғылармен жабдықталған жаңа орталықта балғындар білімін шыңдап, шығармашылықпен еркін айналысады дейді мамандар.
Сандықтаулық жас өнерпаздар бұл орталықтың ашылуын асыға күтті. Қазір мұнда 200-ге жуық бала тәлім мен тәрбие алады. Олар түрлі топқа бөлініп ән, би, қолөнер бағытты бойынша шығармашылығын шыңдайды.
Елена Закутинская, музыка мектебінің директоры:
- Қазір музыка мектебіне алпыс бала келеді. Енді біз сол балғындардың қатарын көбейтіп, жаңа музыка сыныптарын ашуды жоспарлап отырмыз.
Лариса Ерёмина, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының басшысы:
- Алдағы уақытта біз тың жобаларды қолға алып, оқушылардың жеке көрмесін өткізгіміз келеді. Себебі осыған дейін бізде ондай шалара өткізетін мүмкіндігіміз болмады. Бұл өз кезегінде өнерлі өрендердің шығармашылыққа деген қызығушылықтарын одан әрі арттыра түсері сөзсіз.
Бұдан бөлек биыл Сандықтау ауылындағы мәдениет үйі жөндеуден өтті. Құрылыс жұмыстарына 84 млн.теңге бөлінді. Нысанның тозығы жеткен шатыры ауыстырылып, жылу және электр желілері толығымен жаңартылды.
Ирина Равшнайдер, мәдениет үйінің меңгерушісі:
- Қазір мәдениет үйіміз өте жылы. Техникалық базамыз да жаңарып қалды. Біздің мекемеде ән мен жырдан бөлек, спортзал да бар. Онда 4 спорт секциясы жұмыс істейді.
Сандықтау ауданында биыл екі мәдениет үйі қалыпқа келтірілді. Ал келер жылы үш ауылдың клубын жаңарту көзделіп отыр. Жалпы облыс бойынша осы жылы 15 мәдениет ошағы жаңартылды.
Абзал Балтабаев, Виктор Полянный