Атырау облысында ҚТЖ теміржолшыларға модульдік ғимарат салып берді
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жолшылардың игілігі үшін, Атырау облысында модульдік ғимараттар орнатып жатыр.
Тез құрастырылатын нысанда қызметкерлер үшін бар жағдай жасалған. Жазы аптап, қысы қарсыз қара суық болатын өңірінде теміржолшылардың жұмысы оңай емес. Олар жүздеген шақырымға созылған темір жолға күтім жасап, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Исатай ауданындағы Нарын станициясының қызметкерлері бұған дейін мына аядай жерде отырды. Осында ас ішіп, осында тынығатын. Жаңадан пайдалануға берілген ғимарат әлдеқайда кең. Модульдік үйде 10 адамға шақталған жатын бөлме, асхана, әжетхана мен жуынатын бөлме бар. Су жылыту құрылғысы мен мұздатқыш та қойылған.
Мереке Мұхамбетжанов, №7 учаске басшысының орынбасары:
- Күрделі жөндеу жұмысына келген жұмысшылар, сондай-ақ ақау тапқыш арбашық дейді, оператор мамандар келіп жататын орын. Сосын рельс үстімен жүретін техника, крандар бар, сол машинисттер мен көмекшілер келіп жатады. Көмекке басқа жақтан кісілер шақыртсақ, солар осы бөлмелерде демалады. Барлық жағдай жасалған.
Мұндай модульдік ғимарат Нарын станциясымен қатар Қарабатан станциясына да қойылды. Алдағы уақытта олардың санын арттыру жоспарда бар. Қызметкерлердің өнімді жұмыс істеуі үшін жайлы жағдай керек. Биыл Атырау бөлімшесіндегі теміржолшылар 69 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізген.
Рафаель Меңдешов, магистральдық желі бөлімшесі жол дистанциясының бас инженері:
- Рельсіміз, шпалымыз бәрі жаңарып, темірбетон шпалға ауысты. Дистанция бойынша 27 бұрмалар ауысты. Сағыздан бастап Ганюшкиноға дейін. Модульдер қойылып жатыр. Жаңа көргендеріңіздей. Сондай 2 бекетке қондырылды. Және де кішкентай здание бар. Оның жетеуі бар. Биылдыққа 9-ы келді.
Жыл соңына дейін барлық өңірдегі «Қазақстан темір жолы» желісінде 130-дан астам модульдік ғимарат дайын болады. Ал келер жылы тағы 100-ден астамын сатып алу жоспарланған. Олар шалғай станциялар мен разъездерге қойылады.
Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов