Түркістан облысы мектептерге жаңа автобус алып жатыр

Түркістан облысы мектептерге арнап автобус сатып алып жатыр.

Бұл өңірдің білім беру мекемелеріне 101 жаңа автобус табыс етілді. Ауыл балаларының қуанышында шек жоқ. Көліктер мектебі жоқ немесе бастауыш мектебі ғана бар ауылдардың оқушыларын жақын маңдағы білім ұяларына тасымалдайды.

Жанат Әбілхайырова аудан орталығына жақын орналасқан Телемұнара ауылының тұрғыны. Балалары ауылдағы бастауыш мектепті бітірген соң аудан орталығына тасымалдап оқытқан. Бірде көлік болады, бірде болмайды. Әбден қиналғанын айтады.

Жанат Әбілхайырова, Телемұнара ауылының тұрғыны:

- Бұрынғы кезде жаяу алып келетін едік, не болмаса, жолдан таксиге отыратын едік. Мына автобусқа қуанып отырмыз барлығымыз. Өйткені 60 артық қатты жүрмейді екен. Өте қауіпсіз автобус. Осындай мүмкіндік жасаған мемлекетке рахмет.

Аудан орталығы Абай ауылдағы №1 Омар Есімов атындағы жалпы орта мектебінде 1286 бала білім алады. Оның 209-ы жақын маңдағы Біртілек және Телемұнара елдімекенінен қатынап оқиды.

Бердібек Бұқарбаев, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- Бізге мынау облыстан сары автобустарды беріп, өте зауманауи автобус. Ішінде камералары бар, қауіпсіздік белдігі бар. Оқушының қауіпсіздігіне өте жақсы жасалынған.

Келес ауданындағы 65 мектепте 36 мыңға жуық оқушы оқиды. Оның ішінде 3400 оқушы тасымалданады. Соңғы үлгідегі жайлы автобустар есігі ашылғанда қозғалысты тежейтін механизммен және тағы да басқа қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған. 

Насыр Сманов, аудандық білім бөлімі басшысының м.а.:

- Биылғы 2023-2024 оқу жылына 12 жаңа автобус берілді. Тасымалдауға өте ыңғайлы. Балаларды мектепке уақытылы алып келіп, біліммен қамтамасыз етіп отырмыз. Мектептің балансында боалды автобус. Уақытыл тасымалдап жүргізіп отырамыз.

Биыл өңірге 20 орындық 71 және 38 орындық 30 автобус жеткізілді. Қоғамдық көліктер Мемлекет басшысының облыс мектептері жаңа заманауи автобустармен қамтылуы тиіс деген тапсырмасына орай Үкіметтің «Жол картасы» негізінде сатып алынды. Балаларды қауіпсіз тасымалдау облыс әкімінің жеке бақылауына алынған.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш