Жанкүйерлер қолдауы ел құрамасын жеңіске жетеледі
Әлем чемпионатына шыққанымыз – алаңдағы ойыншылардан бөлек, алаң сыртындағы жанкүйерлердің де арқасы.
Кеше елордада футзалдан Қазақстан мен Нидерланды құрамалары кездесіп, жерлестеріміз 2:0 есебімен жеңіске жетті. Соның арақсында Өзбекстанда өтетін дүниежүзілік додаға жолдама алды. Ұлттық команданы қолдауға қалың көрермен жиналды. Әсіресе жуырда ғана құрылған жанкүйерлер одағының өкілдері игі бастаманы қолға алып, көпшілікке үлгі көрсетті.
Матчтың басталуына бір сағаттан аса уақыт бар. Соған қарамастан елордадағы спорт сарайы жанкүйерлерге лық толды. Олар ойын алдында әртүрлі ұрандар айтып, бірлесе патриоттық әндер шырқады. Нағыз футбол мерекесінің атмосферасын жасады.
Әзиз Жұмаділ, Қазақстан жанкүйерлер одағын құрудың бастамашысы:
- Қазақстан жанкүйерлер одағы ұлттық құрамамызды қолдауға барынша дайын. Жанкүйерлердің, фанаттардың осы эмоциясы, тембрі, қарқыны, басқа жанкүйерлерге стимул қосу керек. Барлық жанкүйер жұмылған жұдырықтай, ел құрамасына қолдау көрсету керек.
Елорда төріндегі спорт сарайында ине шаншар орын жоқ. Қалың көрермен ұлттық командамызды барынша қолдап, жеңіске қарай жетеледі. Әсіресе Қазақстан жанкүйерлер одағының өкілдері көпшілікке үлгі болуға тырысты. Мәселен, олар жанкүйерлер отырған жердегі қоқыстарды матчтан кейін тазалауға кірісті.
Дарын Олжабай, жанкүйер:
- Матчтан кейін, әдемі эмоциядан кейін өзіміздің қалдықтарымызды, қоқыстарымызды өзімібен бірге алып, тазалап, адамдардан қалып кеткен қоқыстарды да тазалап, әрқашан осылай жастармен бірге бір толқында бәріміз күліп-ойнап, осындай тазалық акциясын жүргіземіз.
Белсенді жастар алдағы уақытта да елімізде жанкүйерлердің мәдениетін қалыптастыруға қатысты бірақатар бастаманы қолға алмақ. Ал жерлестеріміз қатысатын әлем чемпионатының өзі алдағы жылы қыркүйек және қазан айларында Ташкент қаласында болады.
Авторлары: Аслан Қаженов, Жандос Битабаров.