БҚО-дағы Пойма ауылына таза ауызсу берілді
Батыс Қазақстан облысында ауыл халқын таза ауызсумен қамтуда ауқымды істер атқарылып жатыр.
Тек биылдың өзінде өңірде 50-ге тарта елді мекенге су құбыры тартылып жатыр. Кеше Теректі ауданы Пойма ауылының тұрғындары да тіршілік нәріне қол жеткізді.
Теректі ауданы Ақсуат ауылдық округіне қарасты Пойма ауылының тұрғындары су құбыры тапсырылар күнді көп күтті. 2021 жылы басталған құрылыс былтыр аяқталуы тиіс еді. Алайда түрлі себептермен бір жылға шегерілді. Енді мейірді қандырар мөлдір су барлық көшеге, әр үйге барып тұр. Ауыл ішінде 18 шақырымдай жерасты су құбыры тартылған. Құрылыс құны – 558 млн теңге.
Мәншүк Науанова, Пойма ауылының тұрғыны:
- Су мәселесі өте өзекті мәселелердің бірі болған. Көбі құдық қаздырып, қиналып, немесе алыста тұрған құдықтан су таситын еді. Қазір өте қуанышты жаңалық деп есептеймін. Себебі біздің ауыл күннен күнге көркейіп жатыр. Күні кеше жаңа мектеп есігін айқара ашқан болса, енді бүгін су құбыры келіп жатыр Тәуелсіздік мерекесінде. Енді халық игілігі үшін істеліп жатқан істерге қуанамыз. Кезең-кезеңімен көптеген игі істер істеліп жатыр.
Батысқазақстандықтарды сапалы ауызсумен қамтуда ауқымды істер атқарылып жатыр. Тек биылдың өзінде өңірде 47 елді мекенге таза су құбыры тартылып жатыр. Соның ішінде 8 елді мекен Теректі ауданында орналасқан.
Әлия Мұханбетжанова, Теректі ауданының әкімі:
- Біздің Президентіміз өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында халықты 100% ауызсумен қамтуды тапсырған еді. Қазіргі таңда біздің ауданымызда 8 елді мекенде осындай су құбыры құрылысы жүріп жатыр. Осы жобаларды іске қосқанда сонда біздің ауданымыздың елді мекендері 70% сумен қамтылатын болады.
«Мықты өңірлер ел дамуының драйвері» жобасы аясында ауылдық елді мекендерді ауызсумен қамтуға өңірде биыл 6 миллиард теңге қаралған. Таза су желісі салынып жатқан 47 ауылда 33 мыңдай халық бар. Соның нәтижесінде облыс халқының 95% орталықтандырылған су құбырына қосылмақ.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.