Қостанайда қоғамдық көлік паркі жаңартылып жатыр

Жолаушы тасымалымен айналысушы кәсіпорындар су жаңа 59 автобус сатып алды.

Көліктер жергілікті климаттық жағдайларға бейімделген, электронды құрылғылармен және жылдамдықты бақылау жүйелерімен жабдықталған. Сатып алынған жаңа техникалардың жалпы құны – 3,5 миллиард теңге.

Жүргізуші Ғұмар Дитаев күні кешеге дейін осыдан 30 жыл бұрын шығарылған ескі автобусты тізгіндеп келді. Ал бүгін тақымында су жаңа техника. Әрине, жаңаның аты жаңа. Тәжірибелі жүргізуші мұны бірден байқапты.  

Ғұмар Дитаев, автобус жүргізушісі:

- Кең, жайлы әрі жылы. Толықтай электроникамен жабдықталған. Тұраққа қояр кезде де қиналмайсыз. Аязды күндері айналары бірден қызады. Салонда және көлік сыртында айналаны тегіс шолатын камералары бар. Ең бастысы, пандуспен қамтылған, яғни мүмкіндігі шектеулі адамдарды кедергісіз тасымалдауға болады.

Күн сайын желіге 160-тан аса автобус шығады. Оларды жаңарту біртіндеп жүзеге асырылады. Отандық өндірістің өнімі лизингке сатып алынады.

Нұрдәулет Бейсенов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- 2021 жылы 50 жаңа автобус сатып алынды. Енді тағы 59 автобус алдық қой, сонда автобус паркінің 60%-тен астамы жаңартылады деген сөз. 

Қостанайда жолаушы тасымалдайтын автобустар жалпы саны 30 бағыт бойынша қатынайды. Оларға жергілікті бюджет есебінен субсидия төленеді.

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Былтыр тасымалдаушыларға 2,3 млрд теңге субсидиялар жоспарланып, төленген болатын. Ал биыл 4 млрд 200 млн-ға, яғни екі есе артық көлемде төленді. Біз тасымалдаушыларға автобус паркін жаңартуға, инвестиция тарту ісіне көмектесуге дайынбыз. 

Келер жылы тасымалдаушыларға төленетін субсидия көлемі екі есеге ұлғаяды. Соның есебінен жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындар үшін тағы 50 жаңа автобус сатып алуға мүмкіндік туады. Тиімді серіктестік байланыстар нәтижесінде қоғамдық көлік паркінің басым бөлігін жаңарту жоспарланып отыр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Ермек Мұхамедьяров.