Алматыда ең үлкен кинозал ашылды

Алматыдағы жаңа Aport East моллында Орталық Азиядағы ең үлкен кинозал көрерменге есігін ашты.

ІМАХ форматындағы экранның биіктігі 15, ені 25 метр. Лазерлі кинозал Kinopark-Kinoplexx Theaters компаниясының ауқымды жобасы. Кинозалдың салтанатты ашылуында қонақтар DC студияның жаңа блокбастері «Аквамен және жоғалған патшалық» фильмін тамашалады.

Таза дыбыс, мінсіз көрініс. IMAX лазерлі кинозалының бірегейлігі осында. 481 көрерменге арналған зал ең озық технологиялар кешенімен жабдықталған. Атап айтқанда, бұл кинозалда әлемнің үздік картиналарын 12 арналы дыбыстық жүйеде, таза лазерлі проекция арқылы тамашауға мүмкіндік бар.

Тәуекел Мүсілім, актер:
- Мұндай экранда кино көру – ләззаттың шыңы десе болады. ІМАХ-та көрген кинодан басқаша әсер аласың. Кәдімгідей шынайы, сол сәтке сол киноға еніп кеткендей боласың.

Дмитрий Ревин, Aport моллының тең меншік иесі:
- IMAX-лазер Орталық Азия елдерінің ішінде бірінші рет Қазақстанда ашылып отыр. Кинодан керемет әсер алу үшін алматылықтар мен қала қонақтарын Aport East моллындағы HALYK IMAX KINOPARK 16-ға шақырамыз.

ІМАХ лазерлі кинозалы Kinopark-Kinoplexx компаниясының ауқымды жобасы. «Алдағы уақытта жаңа сападағы кинозалда тек ойын-сауық контентіндегі картиналар ғана емес, ой салатын жобалар да көрсетіледі», - дейді компания өкілі.

Алмаз Малдыбаев, Kinopark&Kinoplexx Theatres президенті:
- Өте көп деректі кинолар бар. Соларды көрсетеміз. Оқу министрлігімен бірге жұмыс істейміз. Тек қана ойын сауық отауы емес, негізі білім жағынан өте көп ІМАХ-тың проектілері бар. Сол жағынан ол біздің елімізге өте пайдалы деп есептейміз.

Қазақстанда ІМАХ технологиясымен түсірілген фильм әзірге жоқ. Отандық TIGER FILMS компаниясы алдағы уақытта бұл мақсатты да жүзеге асырмақ.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев