Қостанайдағы колледж студенттері техника тілін қазақша меңгереді

Осыдан үш жыл бұрын Қостанай автомобиль көлігі колледжінде машина жасау мамандарын мемлекеттік тілде дайындау топтары ашылған.

Биыл солардың алғашқы легі оқу орнын аяқтағалы тұр. Allur компаниясының  бастамасымен қолға алынған бұл іс оң нәтижесін көрсетті. Алдағы оқу жылында қазақ тобының санын тағы екеуге көбейту жоспарда бар.

Мұнда мемлекеттік тілде білім алатын студенттер техника бөлшектерін қазақша атайды. Бақдәулет Ермекбай биыл Қостанай автомобиль көлігі колледжін автослесарь мамандығы бойынша бітіреді. Алған білім-тәжірибесін өндірісте шыңдасам, – дейді.

Бақдәулет Ермекбай, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің студенті:

- Біз қазір үлкен ауыр жүк көліктері қозғалтқышында практикадамыз, сәуір айында Allur зауытына барып, өндірістік практикадан өтеміз. Сол жақта өзімнің практикамды шыңдаймын.

Ал мынау оқу залындағы 2 курс студенттері автотехник мамандығының қыр-сырын әзірге теория жүзінде игеріп жатыр. Бұл ретте оларға Allur компаниясының тапсырысымен дайындалған қазақ тіліндегі оқулықтар – зор көмек.

Жанайдар Жақыпов, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің студенті:

- Мемлекеттік тілде көптеген кітаптар бар. Оның ішінде терминдер, автомобилдің бөлшектері туралы жазылған. Барлық бөлшектің аудармасы және түсіндірмесі бар.

Қазір Қостанай автомобиль көлігі колледжінде мемлекеттік тілдегі 5 топта 125 бала оқиды. Олар автослесарь, автоэлектрик, автотехник және механик мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Арасында еліміздің оңтүстік өңірлерінен келгендер аз емес.

Ақылдос Мергенбаев, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің техникалық бөлімінің меңгерушісі:

- Балалар мемлекеттік тілді таңдайды. Ауылдан келіп, «Жарқын болашақ» деген бағдарлама бар. Жаңаөзеннен де келіп оқып жатқан балалар бар. Биыл  бізге 9 бала келді. Әдейі осы мамандықты таңдап келді.

Білікті кадрлар даярлау – Allur зауытының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта олар биыл тағы 2 жобаны жүзеге асырмақ.

Сәния Иментаева, Allur корпоративті университетінің Жоғары инженерлік мектебінің басшысы:

- Биыл «Mentor Allure» бағдарламасы іске қосылды, онда біздің зауыттың тәжірибелі қызметкерлері 1 курстан бастап студенттермен жұмыс істейді. Әртүрлі мастер-кластар өткізеді. Сондай-ақ жақында құзыреттілік орталығы да ашылады. Бұл жерде студенттер және болашақ зауыт қызметкерлері дәнекерлеу, бояу, құрастыру дағдыларын меңгере алады.

Ал биыл автоколледжді аяқтағайтын қазақ тобының 20 түлегі жаз айынан  Allur зауытында жұмыс істей бастайды.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.