Алматыда «Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында» фильмінің тұсаукесері өтті
Алматыда аты да, заты да ерекше фильмнің тұсаукесері өтті.
Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында «Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында» атты картинаның жабық көрсетілімі болды. Қырғыз режиссері Руслан Акун таспалаған туынды ана мен баланың Меккеге сапары жайында.
Фильм желісі басты кейіпкер Әділ мен анасы Райхан апаның Мекке сапарына құрылған. Әділдің жасы 35-те болғанымен, психикалық дамуы 8 жасар баланың деңгейінде қалған. Оқиға анасын Меккеге апарып, бесінші парызын орындау әрекетінен басталады.
Анаркүл Назарқұлова, Қырғыз Республикасының халық әртісі:
- Ене мен баланың ортасындағы тығыз байланыс, бір-бірін түсіну, егер де ене мен бала бір-бірін түсінбесе, қандай қиыншылық. Одан өткен тозақ жоқ.
Фильмнің Алматыдағы тұсаукесеріне көрермен көп жиналды. Қонақтардың арасында қырғыз бен қазақ елінің танымал өнер адамдары да болды. Тіпті картинаның трейлерін көріп, толық нұсқаны тамашалау үшін шетелден арнайы келгендер бар.
Гусейн Гасанов, блогер:
- Мен бұл фильмге Дубайдан арнайы ұшып келдім. Киноның айтары бар екенін трейлерінен байқадым. Ең қызығы, кейіпкерлер Меккеге жетті ме, жоқ па? Жолда көптеген қиындықтарға тап болғанын көрдім. Оқиғанын соңы қалай аяқталатынын көру үшін келдім.
Фильм Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Түркия, Мысыр және Сауд Арабиясында түсірілген. Кинокартинаны қазақ тілінен бөлек, өзбек, орыс және араб тілдіне аудару жоспарда.
Саламат Исабаев, фильмнің Қазақстандағы продюсері:
- Киелі Түркістан қаласында жасалды, одан кейін Ақтау қаласында жасалды. Біз екі апталыққа жобаланған съемкамыз 12 күнге созылды. Қазақстаннан Мұхтар Әуезов драма театрынан Дулыға Ақмолда, Ерболат Әлқожа, Марат деген ағамыз түсті.
«Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында» фильмі ертеңнен бастап Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінен көрсетіледі.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов.