Халықаралық EXPO алаңында көпшілік іс-шаралар басталады
Наурыз мейрамы Елордадағы 30 аумақта кең көлемде тойланады, деп хабарлайды 24KZ.
Әсіресе Халықаралық EXPO көрмесі алаңында бірегей бағдарлама дайындалып жатыр. Көпшілік ақшаңқан киіз үйлерге барып, түрлі мерекелік шараларды тамашалай алады. Өнер иелері жиналған қауымға ән мен жырдан шашу шашады.
21-22 наурызда елордадағы Халықаралық EXPO көрмесі айрықша атмосфераға бөленеді. Ұйымдастырушылар жиналған қауымды тәнті етіп, көңілінен шығуға барын салып жатыр. Әсіресе киіз үйлердің жөні бөлек. Әр қонақ алас, саумалық сынды тақырыптарда безендірілген шаңырақтарға кіріп, Наурызға қатысты салт-дәстүрді көппен бірге орындай алады.
Ләйлә Сырлыбаева, қала тұрғыны:
- Өте керемет. Мейрамға дайындық ерекше болып тұр. Балалар да мәз-мейрам. Күніміз қандай әдемі болып тұр. Жылдан жылға еліміз көркейе берсін. Наурыздан тек жақсылық күтеміз. Еліміз аман болсын.
Иә, сол бірлік пен бейбітшіліктің арқасында елдегі Наурыз мейрамының даңқы артып отыр. Бұл алаңдағы меймандар саны да еселенері хақ. Сол себепті ұйымдастырушылар бұрын-соңды болмаған бірегей бағдарлама ұсынуға бел буған.
Нарима Мұхамбеталина, Бейбітшілік және келісім сарайының директоры:
- Көрме орталығының ішіне кірсек, оның іші жайнап тұр. Бір жағында концерт болып жатса, екінші жағында саудамыз жүріп жатыр. Соның арасында 9 шеберіміз шетелден келіп жатыр. Атап айтқанда, Түркия, Иран, біздің де қасымыздағы елдерден – Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан де келіп жатқан шеберлеріміз бар. Олар өздерінің туындыларын әкеліп жатыр.
Меймандарға бас қаладағы 7 үздік мейрамхана мәзірінен ұлттық дәм ұсынылады. 40-қа жуық кәсіпкер өз өнімдерін жәрмеңкеге қоймақ. 50-ден аса шебердің көрмесін тамашалап, кеңесін алуға болады. Халықаралық EXPO алаңындағы көпшілік іс-шаралар ертең сағат 13:00-де басталады.
Авторы: Мерей Мұратханқызы.