«KazАgroZhambyl-2024» форумы басталды
Жамбыл облысының әкімдігі шетелдік инвесторлармен меморандумға қол қойды.
153 миллион долларға тең келісім «KazАgroZhambyl-2024» халықаралық форум аясында жасалды. Шетелдіктер өңірде тұқым шаруашылымен айналысып, жылыжаймен қоса бірнеше зауыт салуды жоспарлап отыр.
Халықаралық форумға 12 елдің өкілдері, бірнеше агросала министрі және 70-тен аса сарапшы қатысты. 3 күнге созылатын шарада түрлі ауылшаруашылық техникалары мен саладағы соңғы жетістіктер ұсынылады.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
- Бұл форум осы саладағы өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырады мен өз басым сенемін. Форум аясында тұқым шаруашылығын және ауыл шаруашылығын дамыту сынды ең маңызды мәселелер қозғалатын болады.
Экономикалық ынтымақтастық елдерінің тұқым шаруашылығы қауымдастығы Қазақстанға тегін көмек көрсетеді. Оларға Жамбыл облысынан 231 гектар жер бөлініп, тәжірибелік-демонстрациялық шаруашылық құрылады. Сонда ел мен шетел ғалымдары жәрмеңке, көрме, оқу тренингтерін өткізеді.
Йылдырай Генджер, ЭЫҰ тұқым шаруашылығы қауымдастығының басқарма төрағасы:
- Түркия мен Қазақстан арасында келіссөздер жүргізіледі. Сонымен қоса осында келген өзге мемлекеттердің өкілдерімен де ортақ өнімді өндіру мәселесін де қозғаймыз. Форумға тұқым егетін және оны өндіретін 50-ден астам түрік компаниясының 100-ге жуық өкілін алып келдік.
Әбілқайыр Тамабек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
- 100-ден аса тұқымдарын 5 жылға тегін негізде беретін болды. Біз оны осында аудандастырамыз. Одан кейін аудандастырғаннан кейін соның негізінде өзіміздің жаңа тұқымдарды шығаратын боламыз.
Іскерлік кездесу нәтижесінде қытайлық инвесторлар 200 гектар жерге жылыжай салады. Сонымен қоса аймақта 6 млн долларға тең тамшылатып суару технологияларын өндіретін зауыт салынбақ. Бетондалған су жүйесінің зауыты да Таразға жақын маңда орналасады. Форум аясында Түркі мемлекеттері ұйымының ауыл шаруашылығы министрлерінің 3-ші кеңесі өтті.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә.