Елордада волонтерлер саябақты қардан тазартты
Елорда волонтерлері Жаңару күнінде ерекше игі іс жасады. «Астана жастары» орталығының волонтерлері бастама көтеріп, қалалық саябақтардың бірін қардан тазартты.
Олар бұл арқылы қала тұрғындары мен қонақтарына тазалық үлгісін көрсетті.
"Наурызнама" нышандарының бірі – Жаңару. Бұл күні қоршаған ортаға қамқорлық таныту әрбір азаматтың парызы. Тазару мен Жаңару күнінде астаналық волонтерлер экологиялық акция ұйымдастырды. Сол арқылы қала тұрғындарын қоғамдық орындарды күтіп ұстауға шақырды.
Ұлан Наукен, Қазақстан студенттері альянсының төрағасы:
- Биылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Наурыз жаңа форматта тойлануда. Енді 19 наурыз – Жаңару күні. Жаңашыл бастамаларды әрқашан қолдағандықтан Елорда жастары осы әсем қаламыз Астанада эко-акция ұйымдастырдық. Сонымен қатар ел жастарының бәрін осындай мәдениет қалыптастырып, тазалық сақтауға шақырамыз.
Жалпы Жаңару күніндегі шараға 50-ден астам ерікті атсалысты. Тазалықты насихаттап қана қоймай, коммуналдық қызмет мамандарына қолғабыс жасады.
Эльвира Есмұханова, "Астана жастары" КММ еріктілер қозғалысын дамыту бөлімінің басшысы:
- Наурыздың халқымыз үшін қандай маңызды мейрам екенін жастарға түсіндіруіміз керек. Бүгінгі жаңару мерекесінде біз коммуналдық қызметтің жұмысшыларына көмектесіп, қоғамдық орындарды қардан тазарттық. Бұл игі дәстүр жалғасын табады деген сенімдемін.
Астана жастары күш-жігерін осындай игі істерге жұмсауды әдетке айналдырған. Олар қыста да қар күреу жұмысына жұмылдырылған мамандарға ыстық шай мен бауырсақ таратып, көмектескен.
Айнұр Қуатқызы, 24.KZ.