Арал теңізінің табанына жасыл желек егіледі
2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 миллион гектар сексеуіл көшеті егіледі.
Экологиялық жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылы басталды. Содан бері аталған көлемнің тең жартысы жасыл желекпен көмкерілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Теңіз ұлтанындағы көктемгі егін жұмыстарымен Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев арнайы барып танысты.
Кенезесі кепкен теңіздің табанынан ұшқан тұз бен шаңды тоқтатудың бір жолы – сексеуіл егу. Галофитті өсімдіктің бұл түрі шөлге төзімді. Суаруды қажет етпейді. Арал маңында бұл жұмыстар тоқсаныншы жылдары басталған. Содан бері 380 мың гектар жер жасыл желекке айналды. Дегенмен Аралдың құрғап қалған ұлтаны 2,8 миллион гектарға жетті. Осыған орай Президент бұл бағыттағы жұмысқа қарқын қосуды тапсырған.
Нұркен Шәрбиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Бұл жұмыстар ғалымдардың нұсқамасы бойынша жоспарға сай жүзеге асып жатыр. Биыл барлығы 275 мың гектар жерге сексеуіл егу жоспарланған. Ал 2021-2023 жылдар аралығында 545 мың гектар жер жасыл желекке айналды. Президент тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін бұл көлем 1,1 миллион гектарға жеткізіледі.
Соңғы жылдары өңірдегі орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, теңіз табанындағы сексеуіл егу жұмыстары жанданды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1,8 миллиард теңге бөлінген. Тиісті талапқа сай көшетпен үздіксіз қамту үшін тұқымбақтар аумағы кеңейеді. Соның бірі Қазалы ауданында салынып жатыр.
Серік Сермағамбетов, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Қазір әр ауданда, қалада 150 гектарды құрайтын тұқымбақтар бар. Солардың барлығы осы жерге тасымалданып жатыр. Қазір облыс басшысының бастамасымен Арал ұлтанына басқа да даму институттары, дүниежүзілік банктерді де тартып жатырмыз.
Биыл еліміз Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етіп отыр. Осы ретте экологиялық жобаға инвесторларды тарту көзделіп отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.