Шымкент мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу жүріп жатыр
Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу сәуір айының соңына қарай аяқталады.
Екі апта бұрын елдегі ең ірі кәсіпорынның бірінде өндірістік қауіпсіздікті қамту жұмыстары басталған. Қазір бұл жұмыстар Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес жүріп жатыр. Бұл туралы кәсіпорын өкілдері аймаққа жұмыс сапарымен барған «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасына айтты.
Жоспарлы жөндеумен танысуға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы арнайы келді. Мағзұм Мырзағалиев өндірістік қауіпсіздікті жетілдіруге бағытталған жұмыстарды бағамдады. Айтуынша, зауытты уақытша тоқтату үшін елімізде мұнай өнімдерінің жеткілікті қоры жинақталған. Ел нарығын қамту үшін шамаман 1 миллион тоннадан астам сұйық отын сақтаулы тұр. Бұл ішкі сұранысты 1,5 ай бойы өтеуге мүмкіндік беретінін айтады.
Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
- 600 мың тоннадан астам дизель отыны бар. Сонымен қатар 400 мың тоннадан астам бензин отыны, 100 мың тоннадай авиакеросин көлемдері бар. Осы зауыт басшылығының айтуынша, 23 сәуірде біз жөндеу жұмыстарының 1-ші кезеңі аяқталады. Яғни, осы айдың соңына дейін 110 мың тонна мұнай қайта өңделетін болады.
Кәсіпорын араға 3 жыл салып қайтадан жоспарлы жөндеуден өтіп жатыр. Техникалық тексеру аяқталған соң қажетті жабдықтарды ауыстыру, қондырғыларды жаңғырту қарқын алды. Жұмысқа 30 мердігер компаниядан 2 мыңнан аса адам жұмылдырылды.
Бақыт Ерегенов, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС техникалық директоры:
- Технологиялық қондырғыларды, қазандықтарды, пештерді, солардың бәрін экспертиза жасағаннан кейін дефектердің бәрін қорытынды бойынша жою керек. Бүкіл жұмыс жоспар бойынша 100% жүріп жатыр.
Сапар соңында Мұғзұм Мырзағалиев қауіпсіздік техникасын сақтай отырып, жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар өндірістік жоспарға сәйкес өңдеу қуатын сапалы іске асыруды қайтамасыз ету керектігін айтты.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.