«Таза Қазақстан» акциясы Жамбылда жалғасты

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Жамбыл облысында жалғасын тапты.

Осыған орай бүгін Таразда 2200-ге жуық тал отырғызылды. Табиғатты аялау іс-шаралары 5 апта бойы жалғаспақ. Жалпы биыл Тараз қаласының өзінде 40 мыңға жуық ағаш егу жоспарланып отыр.

5 аптаға жоспарланған экологиялық шараға өңірдің 100 мыңға жуық тұрғыны қатыспақ. 700-ге жуық кәсіпорын мен мекеме мамандары да атсалысады. Жалпы 1300-ден аса көше мен аула, саябақ пен демалыс орындарын тазалау жоспарда бар. Соның арқасында 700 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылмақ. Бүгін солардың бір парасы облыс орталығында ұйымдастырылды.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

- Өлкелерімізді, аудандарымызды, ауылдарымызды, Тараз қаласын тазартып, мынау Әулиеата жасыл өлке деген бағамызды сақтап, ауылдарымызды абаттандырып, ажарын арттырып, осы жұмыстарды ел болып бірігіп істеп жатырмыз. Барлық жамбылдықтарды осы акцияға қатысуға шақырамын. Барлығымыз ел болып атсалысамыз деген сенімдемін.

Тараз саябағындағы іс-шараға тұрғындар, қоғам белсенділері мен қайраткерлері қатысты. Спорт майталмандары мен еріктілер де қолға күрек алып, жас өскінді отырғызды. Жиылған жұрт саябақта тазалық жұмыстарын жүргізді.

Бақтияр Артаев, Олимпиада чемпионы:

- Өзге елде немесе сырт елде жүрген кезде өз туған жеріңмен салыстырасың. Өйткені біздің туған жер көкпеңбек. Осыны әрі қарай көк қылу үшін жылда осындай акцияларға қатысу керек және бүкіл отандастарымды соған шақырамын.

Алдағы күндері акция аясында қайырымдылық жəне мəдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Айта кетерлігі, биыл Таразда 40 мың түп көшет егіледі, оның 20 мыңы қала шетіндегі шалғай аудандарға арналған. Гүлзарларға 15 мың түп көпжылдық раушан гүлдері егіліп, 1 миллион әртүрлі гүлдің тұқымы отырғызылады.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә.