Астанада 105 мыңнан аса оқушы экологиялық акцияға атсалысты

Бүгін 105 мыңнан аса елордалық оқушы да «Таза Қазақстан» республикалық акциясына қатысты.

Олар өз мектептерінің ауласын қоқыстан тазартып қана қоймай, қоршаған ортаны аялауды үйренді.

Бүгін демалыс болғанына қарамастан ұл-қыздар түгел мектепке келді. Бірақ бұл жолы сыныпта емес, сыртта жүріп, тазалық шарасына үлес қосты. Бірі ағаш түбін әктесе, енді бірі топырақ қопсытып, мектеп ауласын қоқыстан тазартты.

Ілияс Мықтыбек, оқушы:

- Ар жағында ағаш егіп жатыр. Ақтап жатыр дегендей ағаштардың түптерін. Сосын мынау ақ сызықтарды қайтадан жаңартып. Төменгі сынып оқушылар да бар. Жоғары сынып оқушылары, бәріміз жұмыла бірігіп, атсалысып жатырмыз.

Айзере Жасағанберген, оқушы:

- Мектеп біздің екінші үйіміз. Мектептің ауласы таза, әдемі болғанын қалаймыз. Сондықтан мен бүгін әкем мен анаммен сенбілікке келдім.

Экологиялық акция бір мезетте барлық білім беру ұйымдарында өтті. Оған бас-аяғы 105 мыңнан астам оқушы қатысты. Бір қуантарлығы, балалардың бастамасын үйдің үлкендері де қолдай келген.

Сұлтан Иманжан, Астана қ. білім басқармасының бас маманы:

- Науқанның маңыздылығы мен ерекшелігін көрсету мақсатында білім беру ұйымдарында танымдық сағаттар, экожобалар, байқаулар сынды көптеген іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Биыл елордалық оқушыларға арналған түлектер аллеясын, колледжерде студенттер аллеясын құру, тарихи ескерткіштердің орындарында тазалық жұмыстарын жүргізу арқылы танымдық сабақтар жүргізу жоспарда көрсетілген. 

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы ел аумағында 5 апта бойына жалғасады. Әр сенбілік белгілі бір тақырыпқа арналып, соған сай абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жасалады.

Авторы: Назерке Тоқжан.