Алматылық депутаттар СҚО-ға жиырма тонна көмек жіберді
Алматы қаласының Мәслихат депутаттары су тасқыны болған
Солтүстік Қазақстан облысына 20 тонна гуманитарлық көмек жіберді.
Ол үшін арнайы қор құрылған. Игі іске бес партия атсалысты.
Еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны басталғалы бері саяси партиялар, депутаттар мен жергілікті мәслихаттар зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Бұл іске Алматы қалалық маслихатының 42 депутаты да бір кісідей жұмылып, қолдан келер көмегін аяған жоқ.
Мейіржан Отыншиев, қалалық мәслихат төрағасы:
- «Аманат» партиясының депутаттары, партия мүшелері 600 млн теңге жолдаса, «Республика» партиясының өкілдері, депутаттарымыз 80 млн теңгенің құнында көмек жолдап жатыр. Сонымен қатар «Байтақ» партиясы мен «Ақ жол» партиясы, «Халық партиясы» барлығы 200 млн-нан аса көмек көрсетіп жатыр».
Гуманитарлық көмек тізімінде азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, моторлы қайықтар, құтқару кеудешелері, рациялар бар.
Дулат Тастекеев, қалалық мәслихат депутаты:
«Бұл көмекті жіберу барысында біз өзіміздің сол жақтағы әріптестерімізбен ақылдасып, қандай заттардың қазіргі таңда қажет екендігін білдік. Сол үшін біздің жіберген заттар арасында арнайы моторлы қайық, резіңке етіктер, қаптар, шамдар, ауыз су деген сияқты қазіргі таңда негізгі керекті дүниелерді жинақтап, бүгін 20 тонна гуманитарлық көмекті Солтүстік Қазақстан облысына атқарып жатырмыз».
Сондай-ақ мәслихат депутаты Мұрат Өтемісов жомарттық танытып апат болған аймақ халқына 400 миллион теңге бөлген. «Бұл бір реттік науқан ғана емес. Көмек әлі де жалғасады», - дейді халық қалаулылары.
А.Садуақас, Ә.Нарымбаев