Жамбыл облысында 57 мың түп тал егілді
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы Жамбыл облысында 57 мың түп тал егілді.
Ауқымды шараға 27 мыңнан аса тұрғын қатысып, қала мен ауылдарды көгалдандыруға өз үлесін қосты. Игі іс бүгін де жалғасты. Жаңа аудандағы саябаққа жас көшеттер отырғызылып, белсенді жандар қарттар мен ардагерлердің ауласын тазалауға көмектесті.
Биыл Таразда 40 мың тал отырғызылады. Оның жартысы қала сыртындағы жасыл белдеуге, қалғаны шаһар ішіндегі саябақ, сквер мен көше бойларына егіледі. Мәселен, бүгін 1200 ағаш Ұлы дала шағын ауданындағы жаңа баққа отырғызылды.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
- Тазалықты сақтау – бұл қоғамның бойындағы тәрбиесін мәдениеттілігінің көрсеткіші. Сол себептен осы акциямыз біздің Президентіміздің тапсымасымен өтіп жатқан, біздің облыс тұрғындарының арасында дәстүрге әдетке айналады деп мен сенімдімін.
«Таза Қазақстан» акциясына облыс тұрғындары белсенді қатысып жатыр. Апталықтар аясында өңірдегі 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен 1400-ге жуық аула тазаланды. Оған қоса 800 шақырым арық-канал мен 3 мың шақырым көше тазартылып, 4 мың тонна қоқыс шығарылды. Ілкімді істен қариялар да қалыс қалып жатқан жоқ.
Барат Мыңбосынов, қала тұрғыны:
- 85-ке келсем де, шаршамай-шалдықпай, мінекей, жаяу келдім. Тал егеді деген соң жаным қалмады. Ойбай, мен барып тал егейін, мына талым қалсын. Елдер көрсін, жастар көрсін, халық көрсін.
Экологиялық шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов бастаған ассамблея мүшелері де қатысты. Олар бүлдіршіндермен бірге балабақша аумағында бейбітшіліктің символы болған бәйтерек талын отырғызды.
Лугмар Буларов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
- Бұл акция бір күндік болмауы керек. Тазалық деген ұғымды әдетке айналдырғанымыз абзал. Әр тұрғын тазалықты өз ауласынан, өз көшесінен бастаса, сонда ғана қаламыз әсем, таза болады. Бала көргенін істейді, содан тәлім алады. Сондықтан бүгін балабақшаға арнайы келіп, үлгі көрсетіп отырмыз.
Ал Ассамблея жастары Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің ауласын тазартып, үй маңына жасыл желек отырғызып қайтты. Биыл облыс бойынша абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына 9,4 млрд теңге бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін 25 техника сатып алынбақ.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә.